"18 жасқа дейінгі балалар некеде тұра ма?" Бақытжан Базарбек бір норманың дұрыстығына күмән келтірді
Бүгін Мәжілісте пленарлық отырыс өтіп жатыр.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек реадмиссия туралы заң жобасын қолдады. Бұл – бір мемлекеттің өз азаматын немесе оның аумағы арқылы өткен шетел азаматтарын кері қабылдауы туралы келісім. Алайда талқылау барысында «некеде тұрмайтын кәмелетке толмағандар» деген тұжырымға күмән келтірді. Ол құжатта неге 18 жасқа дейінгі балалар бөлек көрсетілгенін және қандай «ерекше жағдайлар» меңзелгенін сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Депутаттың айтуынша, ол «заң жобасын толық қолдайды», бірақ бір норманың дұрыстығына күмәнданған.
Ол аталған тұжырымның қисыны келмейтінін айтты: 18 жасқа дейінгі балалар некеде тұра ма?
Депутат сауалына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов әңгіме өз азаматтарын реадмиссиялау туралы болып отырғанын түсіндірді және заңнамалық тәжірибеде 18 жасқа толмай некеге тұрудың ерекше жағдайлары бар екенін айтты.