дүйсенбі, 23 ақпан, 2026 22:07

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Студент қыздар жатақхана әкімшілігінен қысым көрген

Студент қыздар жатақхана әкімшілігінен қысым көрген
Түркістандағы жатақхана дауы неден туындады?

Видеода студент қыздар жатақхана әкімшілігі тарапынан қысым көргенін айтады.

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы Білім басқармасына қарасты көпсалалы индустриалды-техникалық колледж жатақханасында туындаған жанжалға қатысты видео тарады, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Видеода студент қыздар жатақхана әкімшілігі тарапынан қысым көргенін айтады. Олардың сөзінше, өздерін ерлер бөлмесі мен дәретхананы тазалауға, еден жууға мәжбүрлеген. Егер бұл талаптан бас тартса, жатақханадан шығару және душты өшіру арқылы қорқытқанын жеткізген.

Жарияланған кадрларда студенттер мен жатақхана қызметкерлері арасындағы сөзге келу сәті бейнеленген. Қыздар ер балалардың бөлмесін тазалау өз міндеттеріне кірмейтінін айтып, жұмысты орындаудан бас тартқан.

Осы жағдайға байланысты Түркістан облысының Білім басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, оқиға бақылауға алынып, арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жүргізілген.

Басқарманың хабарлауынша, колледжде 1 072 студент білім алады, оның 80-і жатақханада тұрады. 2026 жылғы 23-25 ақпан аралығында өтетін облыстық спартакиадаға байланысты іс-шара қатысушыларын уақытша орналастыру қажеттілігі туындаған. Осыған орай, тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерден бос бөлмелерді жинауға көмектесуді ауызша сұраған. Сол сәтте ер балалар орнында болмағандықтан, өтініш қыздарға айтылған.

Нәтижесінде, жекелеген білім алушылар арасында түсініспеушілік болған.

Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басты назарда екенін атап өтті. Сондай-ақ ішкі бақылауды күшейту және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылданған.

Тексеру қорытындысы бойынша, жауапты тұлғаларға құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар