Алматы тауларында тағы бір қыз қайтыс болды
Құтқару операциясы кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды.
22 ақпан күні Алматы тауларындағы Титов асуында (теңіз деңгейінен 3400 метр биіктікте) қар көшкіні жүріп, төрт адамнан тұратын туристік топ апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан 19 жастағы бойжеткен қаза тапты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, топтағы екі адамды қар басып қалған. Олардың бірі қар астынан өздігінен шығып үлгерген. Екінші адамды іздеуге ТЖД-ның 23-әмбебап құтқару бөлімшесі, «Барыс» РММ мамандары, кинологтар мен еріктілер жұмылдырылды.
Құтқару операциясы кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Алайда қар астынан табылған бойжеткенді аман алып қалу мүмкін болмады.
ZTB NEWS-тің хабарлауынша, қаза тапқан азаматша – Almaty Management University (ALMAU) университетінің 1-курс студенті. Ол бар-жоғы 19 жаста болған. Құтқарушылар оның денесін сағат 12:55-те, яғни апаттан шамамен үш сағат өткен соң тапқан.
Айта кетейік, соңғы күндері Алматы тауларында қардың көп жаууы мен температураның ауытқуына байланысты көшкін жүру қаупі жоғары екені бірнеше рет ескертілген болатын.