Руханият

Кітапхана жүйесіндегі цифрлық трансформация: оқырманға қызмет

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында екі күндік семинар-тренинг өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Осы бастама аясында кітапхана ісін цифрлық тұрғыдан қайта пайымдау, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселесі айрықша маңызға ие болып отыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Кітапхана жүйесіндегі цифрлық трансформация: Қазақстан кітапханаларының Smart технологиясы» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Сала мамандарын бір арнаға тоғыстырған бұл басқосу кітапхана қызметін заман талабына сай жаңғыртуға, цифрлық шешімдерді жүйелі енгізуге және оқырманға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға арналды.

Семинардың ресми ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али қатысып, кітапхана саласын цифрлық жаңғыртудың стратегиялық маңызын атап өтті. Р.Али өз сөзінде ақпараттық қоғам жағдайында кітапханалардың тек мәдени ошақ емес, ұлттық зияткерлік инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналып отырғанын айтты.

ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы кітапхана ісінде технологияларды тиімді әрі сауатты пайдаланудың маңызын айрықша атап өтті. Цифрлық құралдар кітапханашының орнын алмастыру үшін емес, керісінше оның кәсіби еңбегін жеңілдетіп, қызмет аясын кеңейтуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.

Алғашқы күн жасанды интеллект құралдарын кітапхана қызметіне бейімдеуге арналды. Қатысушылар каталогтау үдерісін жетілдіру, іздеу жүйелерін оңтайландыру, электрондық қорларды қалыптастыру және толықмәтінді құжаттармен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті.

Ұлттық кітапхананың Ғылыми-әдістемелік қызметінің кітапханашысы Жұмахан Нұрлыхан Қасымханұлы ChatGPT платформасын кәсіби міндеттерге пайдалану, Custom GPT негізінде кітапханаға арналған цифрлық көмекшілер әзірлеу жолдары туралы мазмұнды баяндама жасады. Шеберлік сағатында LibLab авторлық жобасы таныстырылды. LibLab – жасанды интеллект негізінде әзірленген цифрлық құрал. Ол библиографиялық сипаттама жасауға, каталогтау үдерісін оңтайландыруға, ақпараттық сұраныстарға жедел жауап беруге, мәтіндерді талдауға және ресми құжаттар әзірлеуге қолдау көрсетеді. Жоба кітапханашының күнделікті еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, кәсіби сапаны жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Сондай-ақ Ұлттық кітапхананың Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Замзаева Толқын Амангелдіқызы каталогтау және зияткерлік іздеу жүйелері бойынша практикалық кейстер ұсынып, деректермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін көрсетті.

Семинардың екінші күні нормативтік және технологиялық бағыттарға арналды. Электрондық құжаттарды тіркеу мен ұзақмерзімді сақтау талаптары, қазақстандық каталогтаудың болашағы, кәсіби стандарттарды жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

ҚР мемлекеттік Ұлттық кітап палатасы директорының орынбасары Сәлменбаева Толқын Тұрғалиқызы басылымдарды халықаралық сәйкестендіру жүйелері – ISBN, ISSN және ISMN ерекшеліктері, ұлттық баспасөзді тіркеу және есепке алу тетіктері туралы баяндады. Сондай-ақ Ұлттық кітап палатасы қызметінің теориялық және қолданбалы қырлары, отандық баспасөзді жүйелеудің өзекті мәселелері сөз болды.

WEB-RABIS жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейту, кітапханалық үдерістерді автоматтандыру және деректерді тиімді басқару бағыттары да кеңінен таныстырылды.

Ал ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының Ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы «Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапхана (ҚазҰЭК) – жасанды интеллекттің жаңа құралдары» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық ресурстарды жүйелеу, деректерді талдаудың заманауи тәсілдері және оқырманға бағытталған ақылды қызметтерді дамыту жолдарын тарқатты.

Екі күндік семинар кітапхана саласының цифрлық болашағын айқындап, кәсіби ортада жаңа серпін тудырды. Бүгінгі кітапхана – тек кітап сақтайтын мекеме емес, ақпараттық экожүйенің интеллектуалдық өзегі. Ал жасанды интеллект пен smart технологиялар сол өзектің жаңа тынысын ашуға бағытталған пәрменді құралға айналып келеді.