жұма, 20 ақпан, 2026 17:38

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«САЗ ӘЛЕМІНІҢ САҢЛАҒЫ»: Сыр елінде сырлы кеш өтті

«САЗ ӘЛЕМІНІҢ САҢЛАҒЫ»: Сыр елінде сырлы кеш өтті
Ашық дерекөзден
Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Саз әлемінің саңлағы» атты еске алу кеші өтті

Бүгін сыр елінің тумасы, қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Саз әлемінің саңлағы» атты еске алу кеші өтті. Тағылымды шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ композитордың жары Баян Дүйсекеева мен ұлы Нұркен Кеңесұлы Дүйсекеев арнайы қатысты.

Сыр өңірі бұл күні рухани толқынысқа бөленіп, ән әлемінің саңлағын сағынышпен еске алды. Кеш шымылдығы композитордың шығармашылығына арналған мазмұнды бейнероликпен ашылса, сахна төрінде симфония оркестрі мен Saz&Soul музыкалық тобы орын алып, олар сүйемелдеген әсем әуендер кештің көркемдік деңгейін айшықтай түсті.

Кеш барысында композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы әндері шырқалды. Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Асыл ана», «Ойлан балам», «Анаға хат», «Қарағым-ай», «Домбыра туралы баллада» секілді туындылар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева орындаған «Домбыра туралы баллада» кештің шарықтау шегіне айналса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадина Сәдуақасова «Теңеу бар ма саған?», «Еркеледің, сен» әндерін әсерлі жеткізіп, көрерменді тебірентті.

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлы жас әнші Азамат Бекбергеновпен бірге композитордың «Өкінбе сен» әнін орындап, сахнада ұрпақ сабақтастығын айқын көрсетті. Тәжірибелі өнер иесі мен жас таланттың үйлесімді дуэті Кеңес Дүйсекеев әндерінің өміршеңдігін, уақыт өткен сайын жаңа буынмен жаңғырып отыратынын дәлелдеді. Сыр өңірінің өнерпаздары да композитордың әндерін жанды дауыста орындап, кештің көркемдігін арттырды.

Қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Роза Рымбаева «Сәлем саған, Туған ел» әнін орындап, залға ерекше әсер сыйлады. Халық әртісінің асқақ үні мен сахналық шеберлігі кештің айшықты нүктесіне айналып, көрермен қауым ұзақ уақыт қол соғып қошемет көрсетті.

Сыр елінде өткен бұл тағылымды кеш – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылық мұрасын ұлықтаудың жарқын көрінісі болды. Кеңес Дүйсекеевтің әндері әлі талай буынның жүрегінде жаңғырып, қазақ музыкасының алтын қорында мәңгі сақталары анық.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар