Бас мүфти кәсіпкерлерді Рамазан айында азық-түлік бағасын арзандатуға үндеді
Бүгін Рамазан айының алғашқы күні басталды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айына орай кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын арзандатуға және қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа қолжетімді ұсынуға үндеді. Оның айтуынша, бұл – сауапты іс әрі қоғамға ортақ жауапкершілік, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Бас мүфти өз жазбасында Рамазан айының рухани мәніне тоқталып, бұл кезең тек ауыз бекіту ғана емес, жүректі тазарту мен ізгі амалдарды көбейтудің айы екенін атап өтті.
Ол Рамазан айында жасалған қайырымдылық пен игі амалдардың сауабы еселенетінін еске салып, кәсіп иелерін халықтың жағдайын ескеруге шақырды.
Сонымен қатар ол барша мұсылман жамағатын ҚМДБ ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысуға шақырып, Рамазан айының береке мен мейірім айы екенін атап өтті.