170 мың қазақстандық жұмыстан кетпек: басты себеп – жалақы
2026 жылы 170 мыңнан астам қазақстандық жұмыс орнын ауыстыруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының дерегінде айтылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, негізгі себеп – жалақының төмендігі. 72,5 мың адам немесе респонденттердің 41 пайызы табыстың аздығын басты фактор ретінде көрсеткен. Ал еңбек жағдайының қолайсыздығына байланысты кеткісі келетіндер – шамамен 11 пайыз ғана. Бұл көпшілікті жұмыстың қиындығынан гөрі, айлық мөлшері көбірек алаңдататынын көрсетеді.
Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың 26 пайызы (шамамен 46 мың адам) өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келетінін айтқан. Көпшілігі қазір алған біліміне сай емес қызметте еңбек етіп жүргенін мойындаған.
Ал қысқарту мен қайта ұйымдастыру сияқты факторлар жұмыс ауыстыруға айтарлықтай әсер етпейді. Ықтимал жұмыстан босатуға байланысты жаңа жұмыс іздеп жүргендер – небәрі бірнеше жүз адам.
Жұмысын ауыстырғысы келетіндердің басым бөлігі қалалық жерде тұрады – 123,5 мың адам. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш шамамен екі есе аз. Сарапшылар мұны ауылда балама жұмыс орындарының шектеулі болуымен байланыстырады.