Қоғам

Ұлттық банк жаңа алаяқтық схема туралы ескертті

«Карта жоғалды» деп банкке өздері хабарласады.

Ұлттық банкі телефон арқылы жасалатын жаңа алаяқтық схема туралы қазақстандықтарға ескеру жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаскөйлер алдымен адамның жеке деректерін ашық дереккөздерден& фишингтік сайттардан, әлеуметтік желілерден, маркетплейстерден немесе түрлі сауалнамалардан жинайды.

Содан кейін олар қаржы ұйымының байланыс орталығына клиенттің атынан хабарласып, «картам жоғалды» деген жалған өтініш қалдырады. Соның салдарынан карта расымен бұғатталады.

Осыдан кейін алаяқтар азаматтың өзіне қоңырау шалып, өзін банк немесе құқық қорғау органының қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады.

«Алаяқтар жеке дерегіңізді пайдаланып, банк не құқық қорғау органы қызметкері ретінде қоңырау шалады. «Картаны бұғаттан шығару» немесе «ақшаны қауіпсіз шотқа» аудару керек екенін айтып, SMS-код пен карта деректерін сұрайды», делінген ескертуде.

Ұлттық банк мынаны қаперде сақтауды сұрайды:

* Банктер SMS-код сұрамайды;

* Карта деректерін беруге болмайды;

* Банкоматта тұрғанда біреудің өтінішімен ақша аудармаңыз.

Бұл – заңға қайшы, дропперлік деп танылатын әрекет.

Ұлттық банк, алаяқтарға тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынады.