Әлеумет

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың 40 күндік асы өтті

Шымкентте аяусыз қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайды еске алу мақсатында 40 күндік ас берілді.

Марқұмның рухына тағзым етуге жиналған жұртшылық анасының зарлы жоқтауын тыңдап, көздеріне жас алды.

Жақындары мен ұстаздары Нұрайды «Алтын белгі» иегері, болашағынан үлкен үміт күттірген талантты дизайнер, тәрбиелі әрі мейірімді бойжеткен ретінде еске алды. Оның алға қойған армандары мен жоспарлары көп болғанымен, өмірі қайғылы жағдайда қиылды.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Белгілі болғандай, Нұрай өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, бірнеше рет полицияға жүгінген. Алайда тиісті шара уақытында қабылданбағаны туралы ақпарат қоғамның ашу-ызасын туғызды. Президент тапсырмасынан кейін бірқатар полиция қызметкерлері қызметінен босатылды.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты іс «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Тергеу жалғасуда.