Мүгедектігі бар әйелдерді қолдау: Қызылорда өңіріндегі нақты істер
Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігі мүгедектігі бар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарға жиі қолдау көрсетіп келеді.
Мүгедектігі бар әйелдерді қолдау: Қызылорда өңіріндегі нақты кейстер мен нәтижелер.
2025 жылғы шілдеден бастап «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігі мүгедектігі бар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарды қолдау бағытында әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Жоба тұрғын үйге қолжетімділік, әлеуметтік кепілдіктер, медициналық көмек және жұмыспен қамту мәселелерін шешуге бағытталған.
Жоба бенефициарлардың нақты өмірлік жағдайларымен танысып, оларға тегін құқықтық сүйемелдеу, әлеуметтік бағдарлау арқылы және ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Жобаның нақты кейстер арқылы нәтижелерін таныстырып өтсек:
Өмірлік маңызды дәрі-дәрмекке қолжетімділік.
II топ мүгедектігі бар, шашыраңқы склероз диагнозы қойылған әйел 3 жыл бойы құны 1 млн теңгеден асатын Натализумаб препаратын ала алмаған. Жоба аясында eGov.kz арқылы денсаулық сақтау басқармасына жүгіну ұйымдастырылып, 3 күн ішінде дәрімен қамтамасыз етілді.
Тұрғын үй құқығын қалпына келтіру.
Мүгедектігі бар баланың анасы бұрынғы жұбайының мүлкіне байланысты тұрғын үй кезегінен шығарылған. Құқықтық талдау барысында мүлік неке тіркелгенге дейін алынғаны анықталып, «Отбасы банкке» жүгіну нәтижесінде кезегі қалпына келтірілді.

17 жылдық тұрғын үй кезегі.
Туа біткен мүгедектігі бар 65 жастағы Аклима апатты жағдайдағы қараусыз қалған дүңгіршекте жалғыз тұрады, 17 жылдан астам тұрғын үй кезегінде тұрған. Жоба аясында оның мәселесі қаралып, «Отбасы банк» қабылдауынан кейін тұрғын үй алу кезеңіне жетті.
Әлеуметтік көмектен табысқа көшу.
Мүгедектігі бар Гүлсім кәсіби тігін жабдықтарын алғанымен, шеберханасын 3 фазалы электр желісіне қоса алмаған. Жоба 5 күнде техникалық рұқсат алып, қосылу құнын өтеу үшін мемлекеттік грантқа өтінім дайындауға көмектесті. Шеберхана іске қосылған соң тұрақты табыс көзі қалыптасады.
Әлеуметтік және еңбек оңалту.
Бала тәрбиелеп отырған мүгедектігі бар Жанар жұмыссыз. Жоба аясында психологиялық, қаржылық мәселесін шешу үшін құқықтық кеңес алып, жұмысқа орналасты, қоғамдық белсенділікке қосылды, тұрғын үй комиссиясынан өтіп, баспанасын күтуде.
Қызмет көрсету саласындағы құқықтарды қорғау.
Мүгедектігі бар баланың оқу курсына төленген қаражат қайтарылмаған. Жоба заңгерінің құқықтық сүйемелденуінен кейін қаражат толық қайтарылды.
Әлеуметтік қызметтер мен жеңілдіктерге қолжетімділік.
Жоба бенефициарлары тұрғын үй кезегіне тұру, тұрғын үйді жалдау субсидиясы, еңбек құқықтары және бейімделген спортқа қолжетімділік бойынша кеңес пен сүйемелдеу алды. Апаттық деп танылған үйлерді уақытша паналап отырған жоба қатысушыларының жағдайы жіті зерделеніп, мемлекеттік органдармен бірлесе мәселені шешу жолдары қарастырылуда.
Жоба туралы айтып өтсек:
«Қызылорда өңірінде мүгедектігі бар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарды қауіпсіз әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қолдау көрсету» жобасы «Ақ босаға» ҚБ тарапынан «Omirlik Maqsat» бағдарламасы аясында Орталық Азияның Еуразия Қоры (ФЕЦА), Citi қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жоба нәтижелері атаулы сүйемелдеу мен құқықтық қолдаудың мүгедектігі бар әйелдердің өмір сапасын арттырып, дербестігін күшейтуге мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді.