"Кенесарыларға" жөргекпұл беріледі
Белгілі журналист сәбиіне Кенесары деп ат қойғандарға 400 мың теңге беретінін айтты.
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай бұл туралы Facebook парақшасында жазды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Оның айтуынша, өзі жетекшілік ететін компания наурыз айында дүниеге келіп, ұлына Кенесары есімі берілген алғашқы 10 отбасыға 400 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстауды жоспарлап отыр.
«Алда наурыз айы, Ұлыстың ұлы күні де жақындап келеді. Осыған орай арнайы шара ұйымдастырмақпыз. Ұлына Кенесары деп ат қойған алғашқы он отбасыға 400 мың теңге көлемінде жөргекпұл береміз. Шарт бойынша, сәби наурыз айында дүниеге келуі керек. Қатысу үшін ата-аналар баланың туу туралы куәлігін көрсетілген нөмірге жолдауға тиіс. Ықылас білдірушілер көп болуы мүмкін, сондықтан сыйақы тек алғашқы он адамға беріледі», – деді ол.
Журналист бұл бастама мақтан үшін емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, негізгі мақсат – қоғамға аз да болса пайда тигізу.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Кенесары есімі қазақ тарихында ерекше орын алады. Бұл атау – азаттық үшін күрескен тарихи тұлға Кенесары Қасымұлының есімімен байланысты. Бастама батыр баба атын ұлықтап, ұлттық рухты дәріптеуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін де осыған ұқсас акция өткен. Нұрсейіт Жылқышыбай бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұлына Құнанбай есімін қойған 10 ата-анаға 300 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін сыйақы берілген еді.