Бишімбаевтың анасы туысына қатысты сотта жеңіске жетті
Сот Альмира Нұрлыбекованың азаматтық талап арызын толық көлемде қанағаттандырды.
Елорда сотында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова жәбірленуші ретінде қатысқан ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша нүкте қойылды. Сот үкімімен айыпталушы Бекзат Кемелова кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сүйенсек, алаяқтық салдарынан келген материалдық шығын көлемі шамамен 1 миллион долларды (500 миллион теңгеден астам) құраған. Судья Назгүл Бапақова істің мән-жайын қарастыра келе, Бекзат Кемелованы айыпты деп танып, оған мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Алайда сот сотталушының отбасылық жағдайын да ескерді. Кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі бір жылға шегерілді. Қазіргі уақытта Кемелованың бұлтартпау шарасы үйқамақтан «ешқайда кетпеу туралы қолхатқа» ауыстырылды. Ол үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде пробация қызметіне тіркелуі тиіс.
Сот Альмира Нұрлыбекованың азаматтық талап арызын толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 500 118 300 теңге өндіріледі. Оған қоса қылмыстық жолмен алынған пәтер мемлекет меншігіне өтеді. Сонымен қатар, мемлекет кірісіне тағы 45 миллион теңге өндірілмек.
Бұл сот процесі тек негізгі айыпталушымен шектелмейтін сияқты. Жәбірленуші тараптың адвокаты Ерлан Ғазымжановтың мәлімдеуінше, сот барысында куәгерлердің бірі жалған айғақ бергені анықталған.
Осылайша, бір жылға жуық уақытқа созылған шулы іс жәбірленуші тараптың жеңісімен аяқталды. Ендігі кезек — үкімнің орындалуы мен жалған айғақ берген тұлғалардың жауапкершілігінде.