Тоқаев Михаил Шайдоровты Олимпиада чемпионы атануымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшы Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады.
Президент құттықтауында отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иелену – тарихи маңызы зор жетістік екенін атап өтті. Бұл жеңіс Қазақстан спорты үшін жаңа белес екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі, табандылығы мен жеңіске деген айрықша ерік-жігері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы барша спорт сүйер қауым мен ел азаматтары спортшының айтулы табысын мақтан тұтатынын атап өтті.
Президент Олимпиада чемпионын II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар жаттықтырушылар құрамына, Конькимен мәнерлеп сырғанау федерациясына және салалық министрлікке атқарған еңбегі үшін ризашылық білдірді.
Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионына алдағы уақытта да толайым табыс пен жаңа жеңістер тіледі.