Саясат

Референдумда қолдау тапса, Жаңа конституция 1 шілдеде күшіне енеді

Парламент 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтатады.

Егер жаңа Конституция республикалық референдумда қолдау тапса, ол биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл норма мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жаңартылған жоба мәтінінде көрсетілген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1995 жылғы редакциясына сәйкес құрылған Парламент 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтатады. Бұл талап жаңа жоба мәтінінің 95-бабында қамтылған.

Құрылтай сайлауы және жаңа тағайындаулар

Құжатқа сәйкес, Құрылтай сайлауы Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде жарияланып, екі ай ішінде өткізілуі тиіс.

Құрылтайдың бірінші шақырылымының алғашқы сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Президент Құрылтайдың келісімімен Вице-президентті тағайындайды.

Сондай-ақ осы мерзім ішінде Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары тағайындалуы қажет.

Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде бекітіледі.

Ал Жоғарғы соттың төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жаңа Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуы тиіс.