сәрсенбі, 11 ақпан, 2026 20:12

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ерлан Қарин келіп түскен барлық жүйелі ұсыныс Конституция мәтінінде көрініс тапқанын айтты

Ерлан Қарин келіп түскен барлық жүйелі ұсыныс Конституция мәтінінде көрініс тапқанын айтты
Фото: Конституциялық сот
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның соңғы отырысы өтті.

Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін келіп түскен ұсыныстар негізінде тағы да қосымша нормалар, басқа да редакциялық-стилистикалық өзгерістер енгізілді. 

"Жарты жыл бойы қоғамдық талқылау негізінде дайындалған жаңа Конституция мәтіні екі апта бұрын ақпарат құралдары мен интернет ресурстарында жарияланды. Жоба жұртшылық назарына ұсынылған күннен бастап қоғамда жан-жақты және қызу талқыланды. Осы аралықта азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Бұл жаңа мәтін бойынша жан-жақты талқылау өткенін, қоғам тарапынан үлкен қызығушылық болғанын және азаматтардың барынша белсенділік танытқанын көрсетеді. Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін келіп түскен ұсыныстар негізінде тағы да қосымша нормалар, басқа да редакциялық-стилистикалық өзгерістер енгізілді. Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап я түсініктеме беріліп отырды. Сөйтіп Мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты негізінде қоғаммен кері байланыс орнатылып, азаматтардың ұсыныс-пікірі мүмкіндігінше ескерілді. Келіп түскен барлық жүйелі ұсыныс Конституция мәтінінде көрініс тапты", – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, 130 адамнан тұратын комиссия мыңдаған азаматтың мазмұнды ұсыныс-пікірлерін ескерді.

"Жаңа Конституция жобасын енді халықтық Конституция деп айтуымызға толық негіз бар. Осылайша біз мемлекет пен қоғам тұтастығының, бірлігінің жаңа үлгісін көрсеттік. Болашақта жаңа Конституция азаматтардың қолдауымен референдумда қабылданып жатса, бұл тек құқықтық құжат емес, жалпыұлттық идея мен құндылықтар тұрғысынан қоғамдық бірліктің іргетасына айналарына сенім білдіргім келеді. Жаңа Конституция мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылғанын еске салды. Бұл жаңа Конституцияның бірден-бір ерекшелігі мен артықшылығы. Бұған дейін де айттым, тағы да қайталап айтайын, жаңа Конституция тұңғыш рет о бастан қазақ тілінде мемлекеттік тілде әзірленді", – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар