«Жасампаз патриотизм – елдің негізгі қағидаты»
«Жаңа адамдар» Конституцияның жаңа жобасы туралы айтты
Осы жылы Қазақстан тарихи маңызы зор кезеңнің табалдырығында тұр – елде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум өтеді. Ұсынылған түзетулер ауқымды әрі стратегиялық сипатқа ие, олар елдің орнықты дамуының іргесін қалап, қоғам мен мемлекет үшін жаңа бағдарларды айқындайды.
"Жаңа адамдар" жалпы жиынында бұл — басты тақырыптардың біріне айналды. Астанада еліміздің барлық өңірлерінен келген жүздеген белсенді жиналды. Азаматтық науқандардың көшбасшылары өз командаларымен бірге атқарған жұмыстарын қорытындылап, күн тәртібін талқылап, болашаққа жоспарларын белгіледі. Басты назар Конституцияның тек құқықтық нормаларды ғана емес, сонымен қатар елдің құндылықтарын айқындайтын құжат ретіндегі маңызына аударылды.
Асель Баденова, «Жаңа адамдар» көшбасшысы:
«Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары туралы айтылатын 3-бапқа енгізілетін толықтыруларға ерекше тоқталғым келеді. Онда жасампаз патриотизм, еңбек, білім, адам мен отбасының дамуы туралы сөз қозғалады. Бұл нормалар елдің белсенді әрі жауапты азаматтарға басымдық беретінін көрсетеді. Жаңа адамдар осы құндылықтар мен қағидаттарды ілгерілетіп келеді. Біз бұл Конституциялық өзгерістерді толық қолдаймыз».
"Жаңа адамдар" бірнеше жылдан бері азаматтық және жасампаз белсенділікті жүйелі түрде дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Белсенділер бұрын талқыға салынбаған тақырыптардың қоғамдық диалогқа еніп, жүйелі шешімдер тапқанының куәгері әрі тікелей қатысушысы болды. Қозғалыстың қатысуымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг және алып қашу үшін жауапкершілікті күшейтетін заңдар қолдау тапты. Бұл – әйелдер құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам және ТМД кеңістігіндегі алғашқы бастамалардың бірі. Жылдың басынан бастап елде қоғамдық көмекшілер туралы заң қабылданып жатыр. Соңғы үш жыл бойы «Жаңа адамдар» тәжірибе жүзінде іске асырған бастамалар бүгінде заңнамалық тұрғыда бекітілуде. Жасампаз азаматтық белсенділік, бастамашылдық пен жауапкершілік мемлекеттің құқықтық алаңының бір бөлігіне айналуда.
Бүгінде Конституция деңгейінде жасампаз патриотизм, еңбек, білім және адам дамуы құндылықтарын бекіту мәселесінің талқылануы Қозғалыс таңдаған бағыттың дұрыстығына сенім береді. Жаңа адамдар реформаларды қолдайды және Заң мен Тәртіп қағидаттары аясында бекітілген ұстанымдар күнделікті өмірде нақты тәжірибеге айналып, Әділетті Қазақстанның болашағына негіз болу үшін жұмысын жалғастырады.