сәрсенбі, 11 ақпан, 2026 13:42

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мектептегі тегін тамақ мәселесі ойлантады

Мектептегі тегін тамақ мәселесі ойлантады
фото: автордың жеке қорынан
Соңғы жылдары мектептегі тегін тамақ мәселесі жиі талқыланып жүр. Бірі мәзірге көңілі толмайды, бірі мөлшерін аз дейді, енді бірі «неге мемлекет бәрін беруі керек?» деп сұрайды. Бұл сұрақтар орынды, алайда мәселені тек сын тұрғысынан емес, ниет, сенім және жауапкершілік тұрғысынан қарастыру маңызды.

Мемлекет мектептегі тегін тамақты амалсыздықтан емес, саналы саясат ретінде енгізіп отыр. Бастауыш жастағы бала — ең осал кезеңде: миы, иммунитеті, ас қорыту жүйесі қалыптасуда. Дұрыс тамақтану баланың бүгінгі денсаулығына ғана емес, ертеңгі өмір сапасына да әсер етеді. Мемлекет осы арқылы ата-ананың орнын алмастырып емес, кем дегенде бір рет теңгерімді, пайдалы асқа қолжетімділікті қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бұл — баланы әлеуметтік жүк емес, болашақ капитал ретінде қабылдаудың көрінісі.

Мектептегі тегін тамақ тек әлеуметтік қолдау емес; бұл мемлекет баланың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алуы. Яғни, мемлекет стратегиялық тұрғыдан «ертең осы баладан мемлекетке пайдасын тигізетін азамат өссін» деп әрекет етеді. Сондықтан мемлекеттік қадамды тек қаржылық емес, құндылықтық таңдау ретінде бағалау қажет.

Дегенмен жауапкершілік біржақты болмауы тиіс. Баланың үйдегі тамақтануы, асханада пайдалы асты қабылдауы, фастфуд пен тәттіге әуестігі — тек мектептің немесе мемлекеттің мәселесі емес. Мектептің міндеті — үйдегі тамақты алмастыру емес, баланың тамақтануын теңгеру. Тамақ мәдениеті мен түсінік ең алдымен отбасында қалыптасады.

Мемлекет мектептегі тамаққа қаржы бөлу арқылы тек ас мәзірін емес, сенімін де береді. Жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін жақсы ниет жеткіліксіз; оны адал орындау мәдениеті сүйемелдеуі тиіс. Егер стандарт қағаз жүзінде мінсіз болса да, іс жүзінде тек тексеріс күні реттелетін болса, мәселе мектепте немесе балада емес, мемлекеттің ниетіне салынған сызатта. Сол сенімді арқалаған әр жауапты тұлға өз рөлін қызметтік міндет емес, аманат ретінде сезінуі керек.

Мәселе тек тамақта емес, көзқараста. Егер мемлекет баланың денсаулығына инвестиция жасап, білім мен қауіпсіз орта ұсынса, ата-ана да тек құқық сұраушы емес, қоғамға пайда әкелетін азамат тәрбиелеуге ұмтылуы керек. Бұл — адалдық, еңбекке жауапкершілік және ортақ іске немқұрайлы қарамау сияқты қарапайым, бірақ іргелі құндылықтардан басталады.

Мектептегі тегін тамақ — тек әлеуметтік қолдау емес, мемлекеттің балаға артқан үміті мен сенімі. Сол сенім жолда жоғалмай, төменге дейін бұрмаланбай жетуі үшін жүйедегі әрбір адам — шешім қабылдайтын да, ұйымдастыратын да, тексеретін де — өз ісін есеп үшін емес, ар үшін атқаруы керек. Ата-ана үшін бұл жағдай тек талап қоюға мүмкіндік емес, жауапкершілікті бірге көтеруге шақыру.

Сіздер қалай ойлайсыздар?

Біз мемлекет берген мүмкіндікті тек тұтынушы ретінде пайдаланып жүрміз бе, әлде ортақ жауапкершілікті бірге көтеріп, болашақ азаматты тәрбиелеуге үлес қосып отырмыз ба?

Ақмарал АҚАНБАЕВА

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар