Экономика

Жұманғарин жаңа салық режимі 187 мың адамды көлеңкеден шығарғанын айтты

Қазіргі таңда реестрге күніне 100-ге дейін өндіруші қосылып жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық режимінің енгізілуі азаматтар мен бизнестің салық жүйесінде тіркелу көрсеткішін арттырғанын мәлімдеді.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері 41,2 мыңнан астам адам қайтадан салықтық есепке тұрған. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим арқылы бұрын тіркелмеген 187,2 мың азамат заңды алаңға шыққан.

Сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жобалық кеңсенің қызметі нәтижесінде соңғы үш аптада өтініштер саны 19,5 мыңнан 7,1 мыңға дейін азайған. Үкімет мұны техникалық үдерістердің тұрақтанғанының белгісі деп бағалап отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімінде бүгінде 5 608 компания авторизациядан өткен, ал 13 533 өтінім қабылданған.

Ал Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқановтың мәліметінше, қолданыстағы индустриялық сертификаты бар 1 924 кәсіпорын тізілімге автоматты түрде енгізілген. Қазіргі таңда реестрге күніне 100-ге дейін өндіруші қосылып жатыр.