Астанада 55 жастағы ер адам анасын өлтірді деген күдікке ілінді
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Күдікті анасы ауруына байланысты өзін біртүрлі ұстағанын, сүлгімен асылмақ болғанын, ал өзі оны ілмектен шығарып үлгергенін айтып ақталған, деп хабарлайды Arasha.kz сайт Kozachkov offside телеграм арнасына сілтеме жасап.
Өткен жылдың күзінде Түркістан облысында түсірілген бейнежазбалар бүкіл елді дүр сілкіндірген еді. Кадрлардан ересек ер адамның қауқарсыз қарт әкесін соққыға жығып, балағаттағаны көрінген. Бұл оқиға трагедиямен аяқталып, ұлы әкесін ажал құштырды. Осы жылдың қаңтар айында ол азаптау қылмысы үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дәл осындай жағдай Астанада да орын алған, бірақ бұл туралы көпшілік біле бермейді. 2025 жылдың шілдесінде Сергей Овсянников есімді азамат үйіне «жедел жәрдем» шақырып, анасының жағдайы нашарлап кеткенін айтқан. Оқиға орнына келген дәрігерлер қарт әйелдің қайтыс болғанын анықтады. Пәтердегі жағдайдан әйелдің ұзақ уақыт бойы сырқаттанып, төсек тартып жатқаны байқалған. Алайда марқұмның мойнынан гематомалар табылып, өлімнің тұншықтырудан болғаны белгілі болды.
Күдікті ұлы анасының ауруына байланысты өзін оғаш ұстағанын, сүлгімен асылмақ болғанын, ал өзі оны ілмектен шығарып үлгергенін айтып ақталған.
Бірақ көптеген куәгерлер, соның ішінде көршілері мен таныстары мүлдем басқа мәлімет берді. Олардың айтуынша, Овсянников еш жерде жұмыс істемеген, анасының зейнетақысына күн көрген және ішімдікке салынған. Ол жиі жанжал шығарып, ауладағы әйелдер мен балаларға қол көтеретін болған. Сонымен қатар, төсектен тұра алмайтын анасын да үнемі ұрып-соғып келген.
Осы жағдайларды ескере отырып және жүргізілген сараптамаларға сүйене отырып, сот Сергей Овсянниковты кісі өлтіру қылмысына кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.