Алматыда 2,2 млрд теңгенің мүлкін заңсыз иемденбек болған азаматтар сотталды
Алматыда Ұйымдасқан қылмыстық топ Қоспаевтан тәркіленген 2,2 млрд теңгенің мүлкін иемденбек болған үш адам сотталды
Алматыда үш азамат қылмыстық топ Қоспаевтан тәркіленген құны 2,2 млрд теңге болатын мүлікті заңсыз иемденбек болғаны үшін сотталды.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Алматыдағы Никольский базары аумағында орналасқан «Nikolsky Investment» ЖШС-не тиесілі жер телімі мен өзге де мүлікке тыйым салған болатын.
Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде Аслан Пухаев, Антон Соловьев және Жақсылық Сәрсенбаев заңсыз схема ұйымдастырған. Олар «Азаматтарға арналған үкімет» дерекқорына әдейі жалған мәлімет енгізіп, мүлікке қойылған ауыртпалықтарды заңсыз алып тастаған. Кейін активтерді жалған тұлғалардың атына рәсімдеген.
Осылайша, айыпталушылар жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын активтерді қайта рәсімдеп үлгерген.
Сот үкімімен үшеуі де 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.