Конституциядан медицинаға қатысты "тегін" деген бапты алып тастады ма?
Медицина мемлекеттік бюджет, міндетті әлеуметтік сақтандыру және басқа да көздер арқылы қаржыландырылады.
Конституцияның жаңа жобасы талқылана бастағанда, медицинаға қатысты баптан «тегін» деген сөздің алынып тастағаны қоғамды алаңдатып тастады. Көпшілік мұны мемлекеттің азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі міндетінен бас тартуы деп қабылдады. Алайда сарапшылар бұл өзгеріс кепілдіктерді жою емес, денсаулық сақтау жүйесінің нақты қалай жұмыс істейтінін дәлірек көрсетуге бағытталған қадам екенін айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Алмаз Шарман медициналық көмекке деген құқық сол күйі сақталғанын айтады. Мемлекет адамдарды емдеуге міндетті. Қоғамда түсінбеушілік тек сөздің мағынасын дұрыс қабылдамаудан туындап отыр. Оның түсіндіруінше, «тегін медицина» деген тіркес көбіне сөзбе-сөз қабылданады. Ал шын мәнінде, бұл науқас дәрігерге жүгінген сәтте қалтасынан ақша төлемейді дегенді ғана білдіреді.
Сарапшының айтуынша, денсаулыққа кепілдік беру деген медицинаға мүлде ақша жұмсалмайды деген сөз емес. Бұл мемлекеттің әр адамға, оның табысы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, медициналық көмекті қолжетімді етуге міндетті екенін білдіреді.
Алмаз Шарман медицинаның ең көп қаржы талап ететін салалардың бірі екенін еске салады. Ауруханаларды күтіп ұстау, дәрігерлердің жалақысы, дәрі-дәрмек, заманауи жабдықтар мен мамандарды даярлау – мұның бәрі орасан зор шығынды қажет етеді. Мемлекеттік бюджеттің қомақты бөлігі осыған кетеді.
Ол Ұлыбританиядағы NHS жүйесін мысал ретінде келтіреді. Бұл елде адам дәрігерге барғанда ақша төлемейді, бірақ медицинаны толықтай салық арқылы қаржыландырады.
Оның айтуынша, Қазақстанда да дәл осы принцип қолданылады. Медицина мемлекеттік бюджет, міндетті әлеуметтік сақтандыру және басқа да көздер арқылы қаржыландырылады. Сондықтан «тегін» деген сөзге тым мән беру қоғамда «медициналық қызмет еш шығынсыз келеді» деген қате түсінік тудырады.
Сарапшы халықаралық тәжірибеге тоқталып, әр елдің Конституциясында бұл құқық әртүрлі жазылатынын айтты. Кейбір елдерде «тегін медициналық көмек» деп нақты көрсетілсе, енді бірінде «денсаулыққа қатысты жалпы құқықтар» деп жазылып, тегін екені туралы сөз жазылмаған.
Алмаз Шарман Қазақстанның денсаулық сақтау тарихындағы ерекше рөлін еске салды. 1978 жылы Алматыда «Алма-Ата декларациясы» қабылданып, онда әр адамның денсаулыққа құқығы алғаш рет жарияланды. Бұл құжаттың авторларының бірі – академик Төлеген Шарманов еді.