Қоғам

Шымкент полиция департаментіне жаңа басшы келді

Ол бұған дейін ІІМ-нің Тергеу департаментін басқарған.

Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшысы болып Мұхтар Қожаевтың  тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласының полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізіп, ведомство жұмысындағы жүйелі кемшіліктерді қатаң сынға алды.
Кеңеске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында министр жеке құрамға полиция департаментінің жаңа басшысы Мұхтар Қожаевты таныстырды. Ол бұған дейін ІІМ-нің Тергеу департаментін басқарған.

Айта кетейік, Мұхтар Қожаев 1999 жылы ҚР ІІМ Алматы заң институтын бітірген. Еңбек жолын Ақтау қалалық ішкі істер басқармасында тергеуші болып бастап, кейін анықтау және тергеу бөлімшелерін басқарды. 2010 жылдан Маңғыстау облысы ІІД-де аудандық полиция бөлімдерінің басшысы қызметін атқарды. 2012–2017 жылдары ҚР ІІМ Тергеу комитеті мен Тергеу департаментінде басшылық лауазымдарда болды.

Еске сала кетсек, Шымкентте 11 қаңтар күні кешкі уақытта 21 жастағы Нұрай Серікбай Шерхан Аймаханның қолынан қаза тапты. Нұрайды дүкенге шыққан кезінде аяусыз пышақтап кетті. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кеше жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктіге тағылған айыптың бірі ауырлағанын мәлімдеді.