Қызылордада есірткіні түрмеге сөмкенің бауына жасырып өткізбек болған тұрғын ұсталды
Сот-химиялық сараптамасымен кептірілген марихуана екені анықталды.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматқа келген сәлем-сауқатты тексеру барысында тыйым салынған зат тәркіленді.
Сотталғанның танысы сөмкенің бауына жасырған затты ішке кіргізбек болған. Алайда қырағы қызметкерлердің арқасында тыйым салынған затты кіргізу әрекетінің жолы кесілді.
Сәлемдемені ашып қарау барысында №5547 әскери бөлімінің аға нұсқаушысы Н.Меңлібек күдікті затты байқап, иісшіл итпен тексеру жүргізіп, сөмке бауынан полиэтилен пакетке аса ұқыптылықпен оралған, өткір иісті, шөп тәріздес зат табылды.
Мекеменің жедел бөлімі қызметкерлері тез арада жедел шаралар қабылдады. Қалалық полиция басқармасының жедел тергеу тобы шақыртылып, өзіне тән исі бар өткір зат тәркіленіп, сотталғанның танысымын деп таныстырған азаматқа қатысты хаттама толтырылды.
Тыйым салынған затты мекеме аумағына кіргізуге әрекеттенген азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігімен тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.