бейсенбі, 29 қаңтар, 2026 13:14

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Сенат маңызды заңдар топтамасын мақұлдады

Сенат маңызды заңдар топтамасын мақұлдады
Сенат
Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.

Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.

Алдымен, сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Бұл келісім ұзақ мерзімді қаржыландыруға, инвестицияларды қорғауға және ынтымақтастықтың икемді шарттарына кепілдік береді.

«Қаралған заң Қазақстан мен OPEC халықаралық даму қорының арасында ынтымақтастықты дамыту үшін әзірленді. Келісім еліміздің мүддесіне сай келетін жобаларды Халықаралық қордың қаражаты есебінен қаржыландыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қаржыландыру тетіктері жан-жақты реттеліп отыр. Жалпы, заңның мақұлдануы еліміздің инвестициялық ахуалына оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Заң нормаларына сәйкес, ОРЕС қоры әрбір қаржыландыру алдында ҚР Үкіметін жазбаша жобалық ұсыныс нысанында жобаны болжамды қаржыландыру туралы хабардар етеді. Пайыздық мөлшерлемелер жылдық 2,5 пайыздан 5 пайызға дейін, жеңілдік кезеңі 6 айдан 24 айға дейін қарастырылып отыр. Қарыз алу мерзімі 22 жылға дейін болуы мүмкін.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Оның нормалары күзет қызметі мен қару айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге және күзет қызметтерін ұсыну сапасын арттыруға арналған. Заңның негізгі міндеттерінің қатарында құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ, құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының тиімділігін арттыру сияқты нақты бағыттар бар.

«Бұл заңда күзет қызметін реттеуді және қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейтуді көздейтін нормалар бар. Сонымен бірге құжатта әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіруге арналған түзетулер қарастырылған. Жаңа нормалар аталған салада мемлекеттік реттеу және бақылау жүргізу тиімділігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді мақұлданған заң туралы пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында айтылғандай, аталған өзгерістермен қатар заңда кадр жұмысында анықталған бұзушылықтар үшін құқық қорғау органдары басшыларының жауаптылығын күшейту көзделген. Сондай-ақ Үкіметке тұрғын үй төлемдерін беру, есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін айқындау жөніндегі өкілеттіктерді беру бөлігінде түзетулер енгізілді. Бұдан басқа, азаматтық және қызметтік қару иелеріне, сондай-ақ, жеке күзет ұйымдарына қатысты қосымша міндеттер бекітілді.

Палата отырысында сенаторлар халықты алаңдатқан өзекті мәселелер туралы депутаттық сауалдарын да жолдады.

Андрей Лукин инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және елдегі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі шараларды күшейту қажет екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмысты бүгінде рөлі формалды болып қалып отырған Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің функционалын қайта қараудан бастау керек.

Бибигүл Жексенбай еліміздің зияткерлік, рухани және халықаралық беделін қалыптастыруда стратегиялық рөл атқаратын маңызды бағыт – мәдениет саласындағы проблемаларға назар аударды. Ол шығармашылық инклюзияны жетілдіру, заманауи цифрлық технологияларды дамыту, мамандарды кәсіби және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету бойынша заңнамалық өзгерістер мен ұлттық стандарттарды енгізу мәселесіне қатысты маңызды ұсыныстарға тоқталды.

Айнұр Арғынбекова өз сауалында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және Денсаулық сақтау министрлігінің қызметін жетілдіруге байланысты проблемаларды шешуге арналған кешенді шаралар ұсынды. Олардың қатарында медициналық технологияларды бағалаудың институционалдық тәуелсіз және міндетті жүйесін енгізу туралы бастама бар.

 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар