Нұрай Серікбай ісі: ағасы видеода қысым көрсетілгенін айтты
"Бірақ видеоны өзіміз бірінші рет көріп тұрмыз".
Әлеуметтік желілерде Нұрай Серікбайға қатысты видео тарағаннан кейін марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, отбасы бұл видеолардың бар екенін бұрыннан білген. Алайда нақты бейнематериалды алғаш рет көріп отыр.
Сұлтан Серікбайдың сөзінше, видеода Нұрайға психологиялық және моральдық тұрғыда қысым көрсетілгені анық байқалады. Ол қарындасының бірнеше күн ұйқысы қанбағанын, дұрыс тамақтанбағанын айтып өтті.
Сонымен қатар ол екінші видеода Нұрайдың орамал тағуға қарсы болғаны, барынша қарсылық танытқаны көрінетінін айтты. Алайда айналасында шамамен елуге жуық адам болғандықтан, ол толық қарсыласа алмаған.
Марқұмның отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов видеолардың жариялануына байланысты тиісті органдарға ресми шағым түсірілгенін хабарлады. Оның айтуынша, тергеу барысында ұсынылатын айғақтар іс ресми түрде аяқталғанға дейін жарияланбауы тиіс.
Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте көп рет пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Ол күдіктімен бұрыннан таныс болған. Марқұмның ата-анасы полицияға арыз бергенімен, қылмыстық іс дер кезінде қозғалмаған. Қазіргі таңда іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.