бейсенбі, 22 қаңтар, 2026 18:05

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«Қазақстанға алып кетіңіздерші»: Ауғанстанға барған дәрігер көргенін айтып берді

«Қазақстанға алып кетіңіздерші»: Ауғанстанға барған дәрігер көргенін айтып берді
Фото: sputnik.kz
Қазақстан Ауғанстанға тұрақты түрде гуманитарлық көмек жіберіп келеді. Өткен жылдың соңында Ауғанстанда болған жойқын жер сілкінісінен кейін жергілікті халықтың ауыр жағдайына байланысты елімізден медициналық көмек те ұйымдастырылды. Сол гуманитарлық миссия құрамында Академик Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының травматолог-ортопед дәрігері Досбол Ғалымұлы да болды. Біз маманмен сұхбаттасып, ауған халқының тұрмыс-тіршілігі, медициналық ахуалы және көрген қиындықтары жайында әңгімелескен едік.

– Ауғанстанға, зардап шеккен аймаққа алғаш аяқ басқандағы алған әсеріңіз қандай болды? Сіз күткен жағдай мен көзбен көрген шындық арасында айырмашылық болды ма?

– Ең алғаш көргеніміз – ұзақ жылдар бойы соғысты бастан өткерген халықтың әбден қажығаны, шаршағаны болды. Экономикалық және медициналық қиындықтар өте көп екен. Сол себепті алған әсеріміз ауыр болды. Дегенмен, ауған халқы соған қарамастан қажырлы, қайратты екенін байқадық. Көзбен көрген мен естігеннің арасы жер мен көктей. Айырмашылық өте көп. Біз ойлағандай ауған халқы қалыпты өмір сүріп жатыр деуге келмейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, халықтың шамамен 40–50 пайызы толық әрі дұрыс тамақтана алмайды. Жұмыс тапшылығы да экономиканың әлсіреуіне тікелей әсер еткен.

– Миссия барысында сіздің есіңізде қалған ең ауыр немесе ең қиын науқас оқиғасы қандай? Сол сәтте қандай кәсіби және адамдық шешім қабылдауға тура келді?

– Ауғанстанға барған кезде біз үш топқа бөлініп жұмыс істедік. Барлығы 13 дәрігер болдық: олардың ішінде 5 травматолог-ортопед, 3 нейрохирург, сондай-ақ басқа ауруханада 5 хирург, уролог және реаниматолог еңбек етті.
Мен травматолог болғандықтан, есімде ерекше қалған оқиға – 55–60 жас шамасындағы науқасқа қатысты. Ол адам аяқ сынығымен ауруханада ұзақ уақыт ем алып жатқан. Қажыған адамның дерті де асқынып кеткен. Шаршағаны соншалық, көз жасына ерік беріп: «Аяғымды кесіп тастаңдаршы, маған мұндай аяқтың керегі жоқ», – деді. Бұл жағдай бізге қатты әсер етті. Соған қарамастан, біз оған медициналық көмекпен қатар моральдық қолдау көрсеттік, аяқты сақтап қалуға болатынына, қайта өз аяғынан тұратынына сенім ұялаттық. Ем жүргізіп, ота жасадық. Операция сәтті өтті. Әрине, сынық ұзақ уақыт асқынғандықтан, жазылуы да ұзаққа созылады. Бірақ алғашқы көмегіміз нәтижелі болды. Сол науқастың толық жазылып кететініне сенімдіміз.

– Науқас әйелдердің күтімі қалай? Әйел дәрігерлер, медбикелер жеткілікті ме?

– Өкінішке қарай, әйел мамандардың тапшылығы тек медицина саласында ғана емес, барлық бағытта байқалады. Қазіргі таңда ол елде қыз балаларға 9-сыныпқа дейін ғана оқу мүмкіндігі бар. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл шекті тағы қысқартып, 6-сыныпқа дейін түсіруі мүмкін. Соның салдарынан әйел мамандар жетіспейді.
Ота жасау, өзге де медициналық бағыттар бойынша әйел дәрігерлер өте аз. Соған қарамастан, бар мамандар қолдан келгенше науқастарға барынша көмек көрсетуге тырысып жатыр.

– Ауғандық дәрігерлермен бірге жұмыс істеу мүмкіндігі болды ма? Олардың жұмыс жағдайлары мен тәжірибелері туралы не айта аласыз?

– Бұл сапар барысында ауған дәрігерлерімен тығыз жұмыс істеу мүмкіндігі болды. Мамандығымыз бен көзқарасымыз ортақ болғандықтан, тез тіл табысып кеттік. Ағылшын және орыс тілдерінде сөйлейтін дәрігерлер де бар екен, солар арқылы еркін байланыс орнаттық.
Ауған дәрігерлері бізді шын ниетімен қарсы алып, миссия барысында үлкен қолдау көрсетті. Дегенмен, олардың тәжірибесінде заманауи техника, травматология мен ортопедия саласындағы құрал-жабдықтар жеткіліксіз екені байқалады. Соған қарамастан, қолдарындағы бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, өте еңбекқорлықпен жұмыс істейді.

– Жергілікті халықтың және Қазақстан тарапының дәрігерлер еңбегін бағалауы туралы не айтасыз? Қандай қолдау немесе марапаттар көрсетілді?

– Жергілікті халықтың қазақ халқына деген ризашылығы өте зор. Соғыс жылдары Қазақстан елшілігі жұмысын тоқтатпай, гуманитарлық көмек көрсеткен. Бір күні асханада отырғанымызда бір ауған азаматы жүгіріп келіп: «Сіздер Қазақстаннансыздар ма?» – деп сұрады. Біз «иә» дегенде, «Мен сіздердің 20 жыл нандарыңызды жедім, Алматыда оқыдым, тұрдым. Сіздерге қандай көмегім керек?» деп ағынан жарылды. Бұл халықтың Қазақстанға деген шынайы ықыласын көрсетті. Бес травматолог-ортопед бірігіп 19 күрделі операция жасадық. Ота жасалған науқастар көздеріне жас алып, ұзақ уақыт бойы қолымызды жібермей, алғыстарын білдірді

– Ауғанстандағы босқындар лагеріне барғандарыңызды оқыдық. Олардың жағдайы қалай?

– Қазақстан елшілігінің қорғауымен 13 дәрігер болып босқындар лагеріне бардық. Ол жерден алған әсеріміз өте ауыр болды. Ауғанстанның көршілес елдермен қарым-қатынасының нашарлауына байланысты Пәкістан мен Үндістандағы көптеген босқындар қайтадан Ауған еліне оралуға мәжбүр болған. Сол себепті босқындар саны өте көп. Көпшілігі – кішкентай балалар. Олар шатырларда тұрады, су мен тамақ тапшылығы сезіледі. Халықаралық ұйымдар қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр, алайда бірнеше күннен кейін босқындарды жан-жақтағы ауылдарға бөліп жібереді. Көрген күндері де, болашағы да өте ауыр. Балалардың «Қазақстанға алып кетіңіздерші» деген қимастық сөздері еріксіз көзге жас үйіреді

– Ауғанстанда тұратын халықтың мінез-құлқы қалай? Көп жылғы соғыс әсер еткен бе?

– Ауған халқы өте мейірімді, кішіпейіл әрі кешірімді. Ұзақ жылдар бойы соғыстың салдарын көргендіктен болар, әбден қажыған, ешкіммен ренжіскісі келмейді. Мысалы, көшеде біреудің көлігі екіншісіне тиіп кетсе де, сабырмен қабылдап, ұрыс-керіссіз тарайды. Соғыс халықты бір-біріне жақындатып, ұйымшыл еткенін анық байқауға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сымбат БЕГІМБАЙ

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар