бейсенбі, 22 қаңтар, 2026 16:47

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Директорларды қанша уақытқа тағайындаған тиімді

Директорларды қанша уақытқа тағайындаған тиімді
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды
Министр мен депутаттың пікірі қарама қайшы шықты.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларын алдымен екі жылға тағайындап, нәтиже көрсеткен жағдайда ғана мерзімін ұзартуды ұсынған еді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұрынғы жүйе директорларды 5 жылға тағайындап, сабақтастық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтып, басты мақсат директор мен мұғалімге жайлылық емес, оқушыға сапалы білім беру екенін атап өтті, деп хабарлайды  Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұрынғы жүйеге сәйкес мектеп директорлары 5 жылға тағайындалып, екі рет қызмет атқаруға мүмкіндігі бар. 

«Кезінде мен үкіметте жұмыс істегенде мынадай шешімдер қабылдағанбыз. Қол қойылған 57-бұйрық бойынша директорларды 5 жылға тағайындау керек деген шешім шыққан. Аттестация ол енді басқа да қызметкерлер үшін. Олар 3 жылда бір рет аттестациядан өтеді. Егер ол аттестациядан өтсе бірінші, екінші, үшінші деңгей бойынша өздерінің деңгейін анықтайды. Яғни, содан кейін үстемақы, жалақысын алып отырады. Сонда директор 5 жыл сайын 5 жылға тағайындалады. Екі рет тағайындалуға мүмкіндігі бар. Аттестация 3 жылда бір рет өтеді. Соған біз ротация дегенді кіргіздік. Яғни, 7 жылдан кейін егер тиісті вакансиялар болса, дәл сол ауданда немесе қалада ол ротацияға ұшырауы мүмкін. Сондықтан осындай шешім қабылданды», — деп түсіндірді Аймағамбетов.

Депутат бұрынғы шешімдердің қалай қабылданғанын түсіндірді. Ол қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігінің басқа шешімдер қабылдап жатқанын атап өтіп, бұрынғы жүйенің негізінде ғылыми зерттеулер мен еліміздің құндылықтары есепке алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат директор мен мұғалімге жайлылық емес, мектептерде сапалы білім беру, сабақтастықты сақтау. 

Дегенмен ол әрбір сөзін абайлап, тікелей жаңа бастамаларға сын ретінде айтпай, бұрынғы шешімнің несімен ұтымды екенін баяндады.

«Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі басқа шешімдер қабылдап жатыр. Енді олардың өздерінің бір тиісті зерттеуі бар шығар. Өздерінің тиісті бір аргументтері бар шығар. Ол мәселе бойынша тиісті ақпаратты алған жоқпын. Менің айтып отырғаным кезінде қабылданған шешім. Бұл жерде директордың неше жыл жұмыс істегені емес, мектеп басшылығының қалай тиімді жұмыс істегені маңызды. Сондықтан бұл мәселе бойынша зерттеулер көбейген. Әлемдік базалардан іздеп көрсеңіздер осы директорларды тағайындаудың бірнеше моделі шығады. Біз кезінде шешім қабылдағанда дәл осы ғылыми ізденістерге байланысты, еліміздегі құндылықтарға байланысты, үйреншікті мәдениетімізге байланысты осындай бір шешімге келдік. Енді қазір шешімге дұрыс-бұрыс деп баға бермей-ақ қояйын. Бұл менің тарапымнан этикаға сай келмейді. Менің айтып отырғаным ен бастысы шешім — тиімді жұмыс істеуге әкелуі керек, сабақтастық болуы керек. Ең бастысы «мұғалімге жайлы ма?» деген сұрақ емес. «Директорларға ұнамай ма?» деген сұрақ та емес. Ең бастысы ол — балаға сол мектепте мықты бағдарламалар болуы үшін, сапалы білім алуы үшін білім беру жүйесі тиісті деңгейде болуы үшін бізге қандай модель керек. Міне, осы маңызды», — деді Аймағамбетов.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар