Қарағандыда студент есірткі заттарын таратқаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды
- авторОймақ
- Бүгін, 15:30
- 16
Қарағанды қаласында колледжде білім алып жүрген жас студент есірткі заттарын заңсыз таратқаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, студент Telegram мессенджері арқылы «кураторымен» байланыс орнатып, есірткі таратумен айналысқан. Ол алдын ала берілген координаттар арқылы есірткі заттарын алып, оларды ұсақтап бөліп, қала аумағында жасырын орындарға қалдырған. Тергеу деректеріне сай, ол тәулігіне шамамен 30-ға жуық жасырын «закладка» жасаған.
Сондай-ақ тергеу барысында жас азаматтың Таиландтан Қазақстанға есірткі жеткізуді ұйымдастыруға қатысы бар екені анықталды.
Күдіктіні ұстау кезінде одан 909 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Бұдан бөлек, оның тұрғылықты мекенжайынан 80 грамм есірткі заты табылған. Ал жасырылған орындарды тексеру барысында тағы 3,34 грамм есірткі анықталды.
Сот үкімімен студент 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





