Қоғам

Ақтөбеде жалған хабарлама таратқан адам 2 жылға сотталды

Жалған ақпаратқа – жол жоқ.

Ақтөбе қаласында 2025 жылы терроризм актілері туралы 20 көрінеу жалған хабарлама тіркеліп, барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.

Прокуратура әрбір жалған хабарлама жедел қызметтердің оқиға орнына шығуына және олардың күнделікті қызметінің бұзылуына әкеп соғатынын мәлім етті.

Мәселен, Ақтөбеде 2023 жылғы 16 сәуірде азамат Агейкин өзінің ұялы телефоны арқылы 102 нөміріне қоңырау шалып, өз үйінде бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама берген.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Агейкин бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және асырауында кішкентай баласы бар. Эмоциялар мен алкогольдің әсерінен жасалған абайсыз әзіл оның қылмыстық жауапкершілікке тартылуына алып келді.

2023 жылғы 11 қыркүйекте Ақтөбе қаласының №2 соты оны 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына соттады. Сот оның шын жүректен өкінгенін, кінәсін толық мойындағанын және қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерді.

Ақтөбе облысының прокуратурасы терроризм актісі туралы жалған хабарламалардың ауыр қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын, және оны жасаған адамның жасына немесе уәжіне қарамастан қатаң жауапкершілікке тартылатынын еске салды.