Жекеменшік мектептер мен емханаларды қаржыландыру тәсілдері қайта қаралады
- авторОймақ
- Бүгін, 14:12
- 22
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында жүктеген тапсырмаларына сәйкес білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру тәсілдері қайта қаралатынын мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, білім беру саласында жекеменшік мектептерді цифрлық форматта есепке алу, негізгі үдерістерді автоматтандыру және бюджеттеу жүйесімен ықпалдастыруды көздейтін жаңа механизм пилоттық режимде іске қосылған. Соның нәтижесінде ел бойынша 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылған.
Мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізіледі. Алдағы уақытта бюджет қаражаты тек нақты қажеттілік бар өңірлердегі жекеменшік мектептерге ғана бағытталмақ. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің жетіспеуі, үш ауысымды оқытуды қысқарту және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарын салу негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Сонымен бірге жекеменшік инвестицияларды тарту мақсатында мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығындарды өтеу тетігі сақталады. Оқу-ағарту министрлігі басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептерге лицензия берілгеннен кейінгі бақылауды күшейтеді. Бұл бақылау білім сапасын сақтау, педагог кадрлармен қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігіне қатысты жүргізіледі.
Денсаулық сақтау саласында медициналық көмекті жоспарлау халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық ахуал мен көші-қон көрсеткіштеріне негізделетін жаңа тәсілге көшеді. Қаржыландыру ең тиімді мемлекеттік және сенімді жекеменшік медициналық ұйымдарға бағытталатын болады.
Қосарланған төлемдер мен жалған есептің алдын алу үшін бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі енгізіледі. Барлық қаржыландыру көздерінен алынатын деректер біріктіріліп, пациенттермен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар сапаны бақылау күшейіп, лицензиялау талаптары да қатаңдатылмақ.
Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сай құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге жекеменшік медицина мен білім беру ұйымдарын қаржыландыруды қайта қарауға арналған нақты іс-шаралар жоспары бекітілді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






