Жұмыс берушілер қызметкерлерге 3 млрд теңгеден астам жалақы қарыз болғаны анықталды
Қазақстанда 2025 жылы 629 кәсіпорында жалақы төлеу мерзімінің кешіктірілуіне байланысты тексерулер жүргізілді.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап Oimaqnews.kz хабарлады.
Ведомство дерегінше, аталған кәсіпорындарда 11,9 мыңнан астам қызметкерге жалпы сомасы 3,1 млрд теңгеден астам жалақы берілмеген. Тексеру барысында еңбек құқығын бұзудың 8,7 мыңға жуық фактісі тіркелген.
Еңбек инспекторлары нәтижесінде 4 245 міндетті нұсқама шығарған және жұмыс берушілерге 524 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 11,8 мың қызметкердің еңбек құқықтары қорғалып, оларға 2,85 млрд теңге көлемінде жалақы төленді.
Министрлік еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жалғастыратынын және азаматтарға құқықтары бұзылған жағдайда еңбек инспекцияларына жүгінуді ұсынатынын мәлімдеді.