Түркістан облысында блогер бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінді
Полиция заң аясында тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Түркістан облысында блогерлікпен айналысқан 32 жастағы әйел бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзін қоғамдық белсенді ретінде таныстырып, Келес ауданындағы медициналық мекеме басшысынан әлеуметтік желілерде беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таратпау үшін 1 миллион теңге талап еткен.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, заттай айғақтар тәркіленді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция заң аясында тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.