Шымкентте туған анасы балаларына қорлық көрсеткен
Шымкентте кәмелетке толмағандарға қатыгездік көрсеткені үшін қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала болжам бойынша туған анасы балаларын азапқа салып, өз іс-әрекетін «тәртіптік шара» деп ақтаған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетілуі мүмкін деген хабарлама мектеп тарапынан түскен. Мұғалімдер балалардың денесі жарақаттанғанын байқап, құқық қорғау органдарына хабарлаған.
Өтініш бойынша ювеналды және криминалдық полиция қызметкерлері, сондай-ақ басқа да уәкілетті органдардың өкілдері дереу отбасының тұрғылықты жеріне барған.
Отбасында төрт бала бар. Олардың екеуі мектеп жасында болса, тағы екеуі 4 пен бір жаста. Алдын ала мәлімет бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа үйдегі үлкен ұлдар ұшыраған. Анасы олардың денесіне ыстық үтік басып, аяқ-қолы, беті мен денесін күйдіріп, шанышқымен шаншып тастаған. Әйелдің айтуынша, бұл іс-әрекеттер «тыңдамағаны үшін» қолданылған. Балалар тек физикалық ауырсынуды сезініп қоймай, психологиялық азапқа түскен.
Оның айтуынша, бұл отбасының тұрмысы қанағаттанарлық деп бағаланған, сондықтан қандай да бір тіркеуге алынбаған.
Жиналған материалдар әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарайтын кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі.
Тергеуге дейінгі мәлімет бойынша күдіктінің күйеуі Францияға жұмыс істеуге кеткен, қазір шетелде. Әйелдің психикалық бұзылысы тексерілді, бірақ психоневрологиялық диспансердегі тексеру оның ақыл-есі дұрыс екенін және психикалық ауруы жоқ екенін анықтады.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар сотқа жіберіледі. Түпкілікті шешім қабылданғанға дейін балалар әлеуметтік мекемелерде қалады.