Жамбылдағы 205 миллион дауы: конкурс заңсыз деп танылды
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Жамбыл облысында 205 млн теңге дауға салынған конкурс заңсыз деп танылып, мемлекеттік сатып алу шарты жойылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сілтеме жасап.
Екі мекеме Алматы қаласының қажеттіліктері үшін пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған торлы контейнерлерді дайындау және оларды орнату үшін тендер өткізген. Ол мемлекеттік сатып алу конкурсына 19 жеткізуші қатысқан. Олардың арасында «D» ЖШС мен «М» ЖШС бар.
Конкурс нәтижесі бойынша «М» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Конкурсқа қатысушылар бұған келіспей, шағым түсірген. Алайда комиссия конкурс нәтижесін қайта қарап, қайтадан «М» ЖШС-ны жеңімпаз деп таныған. Бұған «D» ЖШС келіспей, сотқа шағым түсірген.
Сот мекемелер ұйымдастырған ашық конкурсты өткізу кезінде конкурстық комиссия мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғанын анықтады.
Істі қарау барысында сот конкурс жеңімпазы «металл бұйымдары және конструкциялар жөніндегі инженер-технолог» еңбек ресурсының болуы бөлігінде конкурстық құжаттаманың міндетті біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.
Ұсынылған құжаттар тиісті білімнің болуын растамады, ал курстардан өткені туралы сертификатты білім беру қызметіне лицензиясы жоқ ұйым берген. Сот талап қоюшының құжаттарында да осындай бұзушылықтарды анықтады.
Белгіленген мән-жайлар негізінде сот конкурс қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жойды және 205 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп таныды.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.