Венесуэла оппозициясының лидері Трампқа Нобель медалін табыстады
АҚШ-та Венесуэла оппозициясының жетекшісі өзінің Нобель сыйлығын Трампқа тарту етті, деп хабарлады Reuter агенттігі.
Мария Корина Мачадо Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, 2025 жылы өзі алған Нобельдің бейбітшілік саласындағы сыйлығының алтын медалін табыстады.
Мачадо кездесуден кейінгі мәлімдемесінде бұл қадамды Трамптың Венесуэла мәселесіне қатысты ұстанымымен байланыстырды. Оның сөзінше, бұл екі ел арасындағы «бостандық үшін күрестегі тарихи бауырластықты» білдіреді.
Ал Нобель комитеті «медаль табысталуы мүмкін, бірақ сыйлық мәртебесі тек лауреатта қалады» деп нақтылады.
Еске сала кетейік, АҚШ-тың Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы әскери операциясынан кейін Мачадо бастаған оппозиция билікті өз қолына алуға дайын екенін мәлімдеген. Алайда кейін Трамп Мачадоның ел ішінде жеткілікті қолдау базасы жоқ екенін айтқан.