"Медаль алмаған кім қалды?": Мақсат Толықбай атаққұмарлық дертке айналып бара жатқанын айтты
Мемлекеттік наградалармен шатастыратын қоғамдық атақтарды таратқандар өздерін кінәсіз сезінеді.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға азаматтарды марапаттау ережелерін пысықтау туралы депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Депутат Мақсат Толықбайдың айтуынша, атаққұмарлық қоғамда дертке айналып бара жатыр. Ол атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдардың медаль, ордендерді оңды-солды үлестіруін болдырмау үшін мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына бақылау орнатуды ұсынды.
– Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Бұған дейін бұл мәселені біраз әріптестерім де көтерді. Арнайы заң, норма да қабылданды. Алайда бұл үрдіс керісінше үдеп барады. Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі және «Ұлт ұстазы» дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнаға салтанатты түрде тұрып марапаттайды. Өздері мәз. Шын мәнінде, не атақ алып жатқанын өздері де білмейді. Әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, қызуы басылғанша тойлаумен әлек. Мәселе – біреудің марапат алғанында емес. Мәселе – марапаттың қандай жолмен, қандай негізде беріліп жатқанында. Құн қалмады. Пысықайлар үшін бұл бизнес қана.
Тіпті, «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» дейтін атақтар шығыпты. Тек ақшасын төлесең болды, медаль да, орден де, куәлік те, қысқасы, дайын «шоу-пакетке» бірден ие боласың, – деді Мәжіліс депутаты.
Осы ретте депутат көптеген дамыған елдерде мемлекеттік марапаттар – заңмен қорғалатын институт екенін атап өтті. Атақтар мен наградалардың критерийі нақты белгіленіп, рәсімделуі ашық түрде жүзеге асады. Бұл жүйе награданың беделін сақтауға, заңсыз саудаға жол бермеуге, қоғамда әділдік пен моральдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Ал біздің елде ше? Қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады.
Ең қауіптісі, бұл «марапат бизнесінің» ең алдымен мектептерге енуі. Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады.
Бұл – білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Қаптаған атақ таратқыш ұйымдардың кесірінен біз атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық, – деді Мақсат Толықбай.
Осыған байланысты депутат Мақсат Толықбай мына мәселелер бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады:
2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына жүйелі бақылау орнату.
Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі түрде қолдану, жауапты тұлғалардың әрекетіне нақты құқықтық баға беру.
Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізу, цифрлық бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту арқылы марапаттау институтының ашықтығы мен беделін қамтамасыз ету.
– Шындығы, сол – мемлекеттік наградалармен шатастыратын қоғамдық атақтарды таратқандар өздерін кінәсіз сезінеді. Бұл заңның әлсіздігі емес, оның орындалмауының салдары. Менің ойымша, салмағы жоқ, жөн-жосықсыз сатылып жатқан атақ-марапаттарды тоқтатудың бір ғана жолы бар: сатқызбау, сатып алмау және жол бергендерді заң нормаларына сәйкес жауапқа тарту. Осыны бүгін қолға алмасақ – ертең кеш болады! – деді депутат.