Әлеумет

"Нұрай ұн алуға дүкенге шыққан": марқұмның туыстары оқиғаның мән-жайын баяндады

Ол мазаламайтынына уәде берген.

Шымкентте пышақталып, қаза тапқан Нұрай Серікбай Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында жерленді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.

Otyrar.kz мәліметінше, Нұрай мектепті үздік бітірген, Алматы қаласында «Сән және дизайн» мамандығы бойынша білім алған, сессиясын жауып, қысқы демалысқа үйіне келген. Күдікті жігітпен ол өткен жылдың жазында танысқан. Көп ұзамай жас жігіт оған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Алайда қыз бас тартқан.

2025 жылдың қазан айында ол қызды өз еркінен тыс алып қашқан. Полицияның көмегімен туыстары қызды жігіттің үйінен алып кеткен. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жақындары тиісті арыз да жазған. Кейін қыз жігітті кешірген — ол енді мазаламайтынына уәде берген. Алайда ізін аңдып, қорқытуын қоймаған.

11 қаңтарда қыз үйінде тәтті тағам пісіру үшін дүкенге ұн алуға шыққан. Үйінің маңында аңдып жүрген күдікті оны ұстап алған. Қыз сөйлесуден бас тартып, кетпек болғанда, ол соңынан қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Жақындарының айтуынша, ол жеті рет пышақталған, басқа да жарақаттар болған.

Туыстары бұл қайғы бір ғана отбасының емес, бүкіл қоғамның қайғысы екенін, бұл алдын ала жоспарланған аса ауыр қылмыс екенін атап өтті.

Күдіктіні ұстауға полицияға бір жарым тәулік қажет болды. 13 қаңтар күні таңертең полиция департаменті 28 жастағы ер адамның ұсталғанын хабарлады. Ол Шымкенттен шамамен 10 шақырым қашықтықта табылған, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.