Маңғыстауда жасөспірімдер матчы төбелеспен аяқталды
Маңғыстау облысында жасөспірімдер арасындағы футбол матчы төбелеске ұласты. Оқиға туралы ақпарат пен видеоны журналист Михайл Козачков өзінің Telegram-арнасында жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
М.Козачковтың жазуынша, жанжал Оралдан келген «Бәйтерек» және Жаңаөзеннің «БЖСМ-2» командаларының ойынынан кейін болған. Видео сипаттамасында төбелесті Маңғыстаудан келген жас жігіттердің ұйымдастырғаны, оған жерлестері саналатын «Ақшұқыр» командасының ойыншылары да қолдау көрсеткені айтылған.
Автор оқиғаға байланысты жергілікті спорт басшылығына сын айтып, аймақта жасөспірімдерге тәрбие мен спорт мәдениетін түсіндіру жағы ақсап тұрғанын атап өтті.
"Төбелесті Маңғыстаудан келген жігіттер ұйымдастырған, ал оларға «Ақшұқыр» командасының жерлестері көмектескен. Облыс әкімі өз балаларымен де жөн таба алмайтыны түсінікті, бірақ оның спортқа жауапты орынбасарлары мен қызметкерлері бар емес пе? Өсіп келе жатқан ұрпаққа мұндай мінез-құлықтың орынсыз екенін кім түсіндіреді?", – дейді журналист.