Ұлының еміне деп халықтан 1,4 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты 7 жылға бас бостандығынан айырылды
- авторОймақ
- 9 қаңтар, 2026
- 43
Ерлі-зайыптылардың әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарын заңдастыру және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактілері (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) болып танылды.
«2020-2024 жылдар аралығында Т. жұбайлары 2019 жылы дүниеге келген, туғаннан кейін ауыр аурулар анықталған ұлын емдеуге жүйелі түрде ақша жинауды ұйымдастырған. Балаға бірқатар күрделі диагноздар қойылған. Қаражат жинау үшін әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнама пайдаланылған. Нәтижесінде Т.-ның және оның анасының есепшоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге қаражат түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңге қайырымдылық қаражат ретінде алынған», - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот мәлімдегендей, жиналған қаражаттың елеулі бөлігі баланы емдеуге емес, жұбайлардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
«Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер, жалпы құны 8 млн теңге болатын жер учаскелерін, 28 млн теңгеге Lexus RX 300 автокөлігін, 8,2 млн теңгеге Hyundai Santa Fe машинасын, 15 млн теңгеге Toyota Camry 75 көлігін, сомасы анықталмаған Toyota Land Cruiser Prado 150 маркалы автокөлік сатып алған. Сондай-ақ брендтік тауарлар сатып алу және құмар ойындарға қатысуға 9,7 млн теңге жұмсаған. Facebook Ads жарнама платформасының қызметтеріне 481 млн теңге шығындаған. 349,5 млн теңгесін қарыздарын өтеуге пайдаланған. Баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсалған», - деп мәлімдеді сот.
Сонымен қатар Т.-ның әрекеттерінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарын заңдастыру (жылыстату) белгілері бар екені анықталған. Сондай-ақ депозиттік шоттарда орналастырылған қаражаттардан пайыз түрінде табыс алынғаны мәлім болды.
Сот үкімімен Т. жұбайлары ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оларды 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сондай-ақ ерлі-зайыптыларға 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражатын жинауға тыйым салынды. Жұбайлардың мүлкі тәркіленіп, олар жазаны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейтін болды.
«Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот кәмелетке толмаған баласы бар сотталған Т.-ның жазасын өтеуді 2 жыл мерзімге кейінге қалдырды», - деп жазылған сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






