Саясат

Сенат Төрағасы жастар арасындағы суицид мәселесі туралы айтты

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге Астанадағы әлеуметтік нысандар – «Қамқорлық» ерте араласу және психоәлеуметтік оңалту орталықтарының қызметімен танысты. Мекеме ұжымдарымен кездесуде мүгедектігі бар балаларды оңалту, оларға қызмет көрсету және ортаға бейімдеу шараларын жетілдіру ісіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев азаматтардың денсаулығын сақтау мемлекеттің басым бағыттарының бірі саналатынын және осы салада жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол аталған саланың аса маңызды екенін айтып, бұл бағыттың адам капиталына, әлеуметтік тұрақтылыққа, өмір сапасына және елдің жалпы экономикалық дамуына тигізетін әсеріне назар аударды.

Кездесуде мемлекет қабылдаған кешенді шараларға қарамастан, барлық мүдделі тараптың бірлескен күш-жігерін қажет ететін проблемалар бар екені сөз болды. Олардың қатарында созылмалы күйзеліс пен тәуелділіктің салдары, суицид, әсіресе, ауылдық жерлердегі маман тапшылығы, емдеу мен көмек көрсетудің ескірген хаттамалары сияқты мәселелер өте өзекті. Мұндай жағдай кейде стигматизацияны күшейтіп, пациенттердің денсаулығына қауіп төндіруі де мүмкін.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт денсаулығы елдің басты байлығы екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және дәрігерлерді қолдауға қатысты кешенді реформалар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, қазір кадр тапшылығына байланысты денсаулық сақтау жүйесі психиологиялық және психиатриялық көмек саласында айтарлықтай мәселелер бар. Соңғы 20 жылда қабылданған шараларға және өлім-жітім деңгейінің біртіндеп төмендеуіне қарамастан, өкінішке қарай елдегі суицид көрсеткіші азаймай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, Қазақстанда суицидтен болатын өлім-жітім саны әлемдік орташа көрсеткіштерден асып түседі. Әсіресе, жастар арасында жиі кездеседі. Өз-өзіне қол жұмсау көбіне құмар ойындар мен есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарда болады. Жасыратыны жоқ, лудомания үлкен әлеуметтік мәселеге айналды. Осы орайда халықтың қолжетімді психологиялық оңалту шаралары туралы хабардар болуын қамтамасыз ету және қолданыстағы психологиялық қолдау шараларының тиімділігін арттыру ісінде мемлекеттік органдарға ерекше жауапкершілік жүктеледі», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, қажетті көмек пен емдеуді дұрыс ұйымдастыру үшін дәрігерлік және консультациялық тәсілдерді ажырату аса маңызды. Сондай-ақ диагностиканың нақты жүйесі болуға тиіс. Қолдауға жүгіну жауапсыз қалмай, дер кезінде қажетті шаралар қолға алынуы керек.

Сонымен қатар Палата Спикері Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның денсаулық сақтау бағытында жүргізіп жатқан жұмысына тоқталып, Орталықтың қызметкерлері мен емделушілерін алдағы мерекелермен құттықтады.

Айта кетейік, «Қамқорлық» ерте араласу орталығы 2022 жылы ашылды. Содан бері аталған нысан 3 айдан 3 жасқа дейінгі психоневрологиялық және ақыл-ой кемістігі бар балаларға амбулаториялық-емханалық оңалту көмегін көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде реабилитолог, невропатолог, логопед, дефектолог, психолог, емдік денешынықтыру және кәсіптік терапия мамандары 514 балаға кешенді оңалту шаралары бойынша қызмет көрсетті.

Психоәлеуметтік оңалту орталығында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдар үшін 7 емдеу-еңбек шеберханасы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, тігін, қолөнер, ағаш ұстасы шеберханалары және шағын баспахана мен өнер студиясы бар. Орталықта психикалық ауытқулары бар, соның ішінде аутизм спектрінің бұзылуы, психо-сөйлеу дамуының кешігуі, гипербелсенділік және зейін жетіспеушілік белгісі бар балалар үшін күндізгі стационар жұмыс істейді.