Әлем

Lufthansa ұшағы Алматыға шұғыл қонды: бортта жолаушы көз жұмды

Мюнхен – Бейжің бағытындағы Lufthansa әуекомпаниясы рейсінде жолаушылардың бірі көз жұмды.

Оқиғаға байланысты әуе кемесі Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған.

Қазақстан авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, оқиға 26 желтоқсанда LH 0722 рейсінде болған. Ұшу барысында 30 жастағы жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ер адам есінен танған. Экипаж шұғыл қону туралы шешім қабылдап, ұшақ Алматы халықаралық әуежайына бағытталған.

Дәрігерлер келген кезде жолаушының ұшу кезінде көз жұмғаны анықталған. Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін ұшақ Алматыда жанармай құйып, рейсті қайта жалғастырған. Әуе кемесі жергілікті уақытпен 07:56-да Бейжің қаласына ұшқан.

Дереккөздердің хабарлауынша, марқұм 30 жастағы шетел азаматы. Көліктегі полиция департаменті бұл дерек бойынша іс қозғалғанын айтты.

Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.