Қоғам

Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ауқымды оқу-жаттығу ұшулары өтті

Батырдың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери авиациялық базаларында қазақ халқының ұлы перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ауқымды оқу-жаттығу ұшулары өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараның басты ерекшелігі – Әуе қорғанысы күштерінің әуе кемелерінің Астана, Тараз, Балқаш, Жетіген, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған және Ақтау қалаларындағы әскери әуеайлақтардан бір мезгілде көкке көтерілуі болды. Ұшуларға С-295, Су-30СМ, Су-27, Л-39С ұшақтары, Ми-17, Ми-35, Ми-171 тікұшақтары, сондай-ақ ANKA ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды.

Жеке құрам даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Батырдың 115 жылдығына орай ұшуларды басқару пунктінде Волоколамск түбіндегі шайқасқа қатысқан жауынгердің өмір жолы мен ерлік істеріне арналған естелік бұрыш безендірілді.

Ұшуға дейінгі нұсқаулық барысында экипаж мүшелеріне ақыл-кеңес берген командирлер бұл іс-шараның ұрпақтар сабақтастығын нығайту және Отан қорғаушылардың даңқты жауынгерлік дәстүрлерін жалғастыру тұрғысынан маңызын атап өтті.

Оқу-жаттығу ұшулары штаттық режимде өтіп, қойылған барлық міндеттер толық көлемде орындалды. Іс-шара Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің жоғары жауынгерлік дайындығын және ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрамның кәсібилігін айқын көрсетті.