Ақтөбе әуежайында ер адам қоғамдық тәртіпті бұзған
Құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Ақтөбе әуежайында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 53 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, ол жолаушыларды шығарып салу кезінде алкогольдік масаң күйде болып, айналасындағыларға балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Оның айтуынша, құқық бұзушыны әкімшілік хаттама толтыру үшін полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ол тәртіп сақшыларына қарсылық танытып, заңды талаптарына қасақана бағынбай, жағдайды ушықтырған.
Ақтөбе әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен құқық бұзушыға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (196 600 теңге) айыппұл салынған.