сенбі, 22 қараша, 2025 15:03

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Кітап индустриясының жаңа тынысы: кәсіби пікірлер, өзекті мәселелер және бағыттар

Кітап индустриясының жаңа тынысы: кәсіби пікірлер, өзекті мәселелер және бағыттар
Алматыда "Ұлы Жібек Жолымен» XIII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі өтті.

 

  Алматы қаласында биыл дәстүрлі түрде өткен «Ұлы Жібек Жолымен» XIII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі баспа ісі, кітап индустриясы және шығармашылық саланың кәсіби мамандары үшін маңызды оқиғаға айналды. 2024 жылы бастау алған бұл формат биыл да кең көлемде жалғасып, түрлі елдерден келген баспагерлер, полиграфистер, зерттеушілер мен оқытушылар баспа саласының жаңа үрдістерін талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Көрме ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Atakent-Expo» халықаралық көрме компаниясы, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы және Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының қолдауымен ұйымдастырылып, халықаралық диалог алаңына айналды. Ғасырлар қойнауынан жеткен Ұлы Жібек жолының рухын қайта жандaндырғандай болған бұл көрме кітап әлемінің жаңа тынысын ашып, баспа ісіндегі өзгеріс пен жаңашылдықты терең талқылауға жол ашты.

   Көрме барысында дөңгелек үстелдер, семинарлар, шеберлік сабақтары өткізіліп, кітаптарды қалпына келтіру ісі, жаңа форматтағы басылым жасау әдістері мен баспагерлік процестердің заманауи бағыттары жан-жақты қарастырылды. Солардың ішінде 21 қараша күні өткен, ерекше назар аудартқан – «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының «Қазақстандағы баспа ісінің өзекті мәселелері» атты кәсіби талқылауы болды.

Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д. Айгүл Рамазан қазіргі таңда баспа ісі мамандығына түсушілер санының айтарлықтай артқанын атап өтті. Ол кісінің айтуынша, бұл салаға деген қызығушылықтың өсуі – тек кәсіби мүмкіндік емес, қоғамдағы кітап мәдениетінің жандануының да көрсеткіші. Айгүл Рамазан болашақ баспагерлерге арналған халықаралық бағдарлама құру, шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату мәселелерінде кафедраның белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Әсіресе академиялық ұтқырлық арқылы студенттердің өзге елдің баспа жүйесін көру мүмкіндігі артып келе жатқанын ерекше атап өтті. «Баспагер болуға талпынған жас буын – ертеңгі ұлттық кітап мәдениетінің тірегі, рухани мұраның тасымалдаушысы»,  – деп түйіндеді Айгүл Рамазан.

  Ал ф.ғ.к., ассист.профессор Қоңыр Мұқатаева кітап ісіндегі стандарттардың, кітап мәдениетін сақтаудың, заңнаманы дұрыс қолданудың маңызын кеңінен түсіндірді. Ол кісінің айтуынша, кез келген басылымның сапасы алдымен оның стандартына, кітаптың сыртқы және ішкі элементтерінің дұрыс рәсімделуіне байланысты. Шығару мәліметінен бастап мазмұн құрылымына дейінгі талаптарды сақтау – кәсіби баспаның негізгі көрсеткіші. Ол бүгінгі нарықта жарық көріп жатқан кітаптардың ішінде осы талаптарды толық сақтамау фактілері жиі кездесетінін және бұл мәселе сала мамандарының назарынан тыс қалмауы керек екенін түсіндіре кетті.

   Ф.ғ.к., ассист.профессор Темірғали Көпбаев қазіргі баспа индустриясының ең өзекті мәселелерін, яғни цифрлық трансформацияны кеңінен ашып берді. Оның пікірінше, интернеттің дамуы мен ақпараттық ортадағы жылдамдық дәстүрлі баспаға айтарлықтай қысым түсіруде. Бірқатар баспалар нарықтағы өзгерістерге бейімделе алмай, жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Электронды кітаптар, цифрлық кітапханалар, онлайн контент оқырман үшін қолжетімді әрі тез таралатын форматқа айналды. Ол заманауи дизайнерлік бағдарламалар – Canva, InDesign, Adobe құралдарының кәсіби редактор мен дизайнер үшін міндетті дағдыға айналғанын, ал жасанды интеллекттің келуі баспа процесіне жаңа мүмкіндіктермен қатар әртүрлі қауіп те алып келгенін айтты. Темірғали Көпбаев ЖИ-дың мәтін жасаудағы жылдамдығын мойындай отырып, оның кейде қателесіп, жалған ақпарат құрастыратынын, бұл редакторлардың жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түсетінін атап өтті.

Сонымен қатар көрме аясында доцент, ф.ғ.к. Қарлыға Нақысбекқызы жасанды интеллекттің білім беру саласындағы рөлі туралы өз ойын ғылыми деректермен негіздеп жеткізді. Ол 2017 жылы Буккингем университеті вице-президенті сэр Энтони Селдонның ЖИ дамуы оқу процесін түбегейлі өзгертеді деген болжамын еске салды. 2027 жылға қарай балалардың сабақ уақытының тек 30%-ы мектепте өтуі мүмкін екенін, қалған бөлігін цифрлық орта алмастыратынын айтты. Жасанды интеллект оқушының мінезі мен оқу стилін талдап, жеке оқу бағдарламасын ұсына алады. Бұл жағдайда мұғалімнің рөлі өзгереді: енді олар ақпарат беруші ғана емес, шығармашылық ойлауды дамытушы, бағыттаушы тұлғаға айналады. Қарлыға Нақысбекқызы әлемдік медианың ЖИ-ды пайдалану тәжірибесін де мысалға келтірді: The New York Times басылымы Perspective жүйесі арқылы өшпенді пікірлерді сүзгіден өткізсе, Washington Post-тың Heliograf жүйесі жылына қосымша 850 мақала жариялау мүмкіндігін беріп, трафикті жүз мыңдаған оқырманға арттырған.

  Аға оқытушы Бейсенбек Серікбай да ЖИ мәселесіне тоқталып, жасанды интеллект дизайн мамандығын артқа тастамайды деген пікірін білдірді. Керісінше дизайнерлердің шығармашылық ойлауын толықтыра түсетін құрал ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Оның айтуынша, көркемдік талғам, визуалды стильді сезіну, идеяны образға айналдыру – машиналар қайталай алмайтын қабілеттер. Сондықтан ЖИ тек көмекші құрал болуы керек.

Аға оқытушы, белгілі журналист Қарагөз Смәділ сала мамандары арасында ерекше пікір қозғады. Ол жасанды интеллекттің кемшіліктерін нақты мысалдармен көрсетті. Мәселен, Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаевтың суреттерімен тараған, бірақ олардың стиліне мүлде сәйкес келмейтін мәтіндердің баннерлерге жазылуы қоғамды шатастырғанын атап өтті. ЖИ-дың ойдан құрастырылған, бірақ сенімді етіп берілген ақпарат жасауы – «AI hallucination» құбылысы – баспа ісінде өте қауіпті. Авторлық құқық бұзылуы, дерек құпиялылығының сақталмауы да басты мәселелердің бірі. Қарагөз Смәділ бүгінгі редактор – тек тіл маманы емес, этикалық сарапшы, медиамәтіннің дәлдігін қадағалаушы, қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін арқалаған тұлғаға айналғанын жеткізді. Ол Қайтар Молдашевтың пікірін де мысалға келтірді: зерттеу жүргізуде ЖИ-ды уақыт үнемдеу, ақпаратты жинақтау және талдау үшін бір ғана құрал ретінде пайдалануы керек, ал шығармашылық пен ғылыми ойлау адамға тиесілі болуы тиіс.

   Көрмеде аға оқытушы Лариса Ивановна жетекшілік ететін ЖЗС клубының жұмысы да таныстырылды. Ол клуб кездесулерінің еркін форматта өтетінін, бірақ әрқашан мазмұнды болатынын айтты. Кейде бұл – шынайы талқылау, кейде шағын лекция, кейде шығармашылық шеберхана, тіпті сахналық көріністі репетициялау формасында өткізіледі. Қатысушылар кітап пен поэзияны талдап қана қоймай, өздері де шығармашылыққа қадам жасап, өлең, әңгіме, ертегі, диалог жазып көреді. Әрбір кездесудің мақсаты – мәтіннің табиғатын түсіну, авторлық стильді сезіну, әдеби детальдердің қалай жұмыс істейтінін анықтау.

Жалпы алғанда, «Ұлы Жібек Жолымен» XIII Халықаралық көрмесі еліміздің кітап нарығына тың серпін беріп, баспа саласының жаңа бағыттарын айқындады. Жасанды интеллекттің әсері, цифрлық трансформация, халықаралық ынтымақтастық, кітап мәдениетін сақтау сияқты маңызды мәселелер талқыланып, отандық мамандар үшін тәжірибе алмасудың ерекше алаңы болды. Көрме кәсіби қауымдастықтың дамуына, жаңа идеялардың пайда болуына және баспа саласының болашағын бірге айқындауға үлкен мүмкіндік жасады.

Елназ КЕРІМТАЙ

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Баспагерлік-редакторлық және

дизайнерлік өнер кафедрасының

4-курс студенті

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар