Белгілі театр актрисасы Рымкеш Омарханова өмірден өтті
Театр және кино майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі Омарханова Рымкеш Омарханқызы 86 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Омарханова Рымкеш Омарханқызы 1939 жылы 30 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңа негіз бөлімшесі Сарытау ауылында дүниеге келген.
1959 жылы Қарағанды музыкалық училищесінде оқыды. Осы жылдары Қарағанды қаласының С.Сейфуллин атындағы қазақ музыкалық драма театрында Актриса ретінде қызмет атқарды.
1990 жылы Целиноград қаласының әкімшілігінің шақыруымен қазіргі елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ашылуына атсалысып, осы күнге дейін еңбек етіп келді.
Рымкеш Омарханова өзінің өнер саласындағы көп жылғы еңбегінде көптеген дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды және облыстық, райондық депутаттыққа сайланды.
1957 жылы Қазақстан Жастар Одағы комитеті ұйымдастырған фестивалінде лауреат болды.
1969 жылы Қарағанды облысы бойынша депутаттыққа сайланды.
1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапаталды.
1983 жылы «Қазақстанның еңбегі сіңірген артисі» атағын алды.
1984 жылы «Еңбек ардагері» медалі берілді.
2002 жылы Астана қаласының Мәскеуде өткен өнер күндерінің
Аясында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен «Моссовет» театр сахнасында өнер көрсетті.
2010 жылы қаңтар айында Иран Республикасы Тегеран қаласында Мәдениет Институтының ұйымдастыруымен өткен Фаджр атындағы Халықаралық театр фестиваліне Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» (спектакльдің қоюшы режиссері – Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов) шығармасымен үздік деп танылды.
2010 жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында өткен Республикалық ХVIII Қазақстан театрларының фестиваліне Рымкеш Омарханова басты рөлді сомдаған А.Дударевтің «Кеш» (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов) драмасы Гран-При жүлдесіне ие болды.
2014 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
2014 жылы сахна шеберінің 75 жас мерейтойына орай «АҚ САМАЙЛЫ АКТРИСА...» атты шығармашылық кеші өтті.
2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясының иегері атанды.
2019 жылы «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының «Сахналық ғұмыр» номинациясымен марапатталды.
2019 жылы Рымкеш Омарханованың мерейлі 80 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті. Актрисаның бенефисінде басты рөлді өзі сомдайтын «Кеш» драмасы көрсетіліп, «Қазақ өнерінің қарлығашы» кітабы жарық көрді.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.
Қарағанды облысы, Қарақаралы ауданының Құрметті азаматы.
Жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырында сахнада 150-ден аса бейнені сомдап шығарды.
Театр сахнасындағы рөлдері: Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» - Мақпал, «Қыз Жібек»-Төлегеннің анасы, М.Әуезов «Қаракөз» - Мөржан, «Еңлік-Кебек» - Еңлік, «Түнгі сарын» - Таңқыбике, Ш. Айтматов «Ана-Жер-Ана» - Толғанай, «Ақ кеме» - Кемпір, У. Шекспир «Ромео мен Джульетта» - Джульетта, Қ.Бекхожин «Ұлан асу» - Айтолқын, А.Островский «Найзағай» - Катерина, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» - Фармон, Қ.Ысқақов «Шырғалаң» - Қорлығайын, С.Жүнісов «Қысылғаннан қыз болдық» - Хадиша, «Ескі үйдегі кездесу» - Зейнеп, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай» - Айсұлу, Т.Ахтанов «Күшік күйеу» - Биғайша, А. Дударев «Кеш» - Ганна т.б.