Берик Уәли "Әліби ісі" бойынша 12 жылға сотталған адамммен түскен суретіне қатысты пікір білдірді
Абай облысының әкімі Берік Уәли "Әліби ісінің" фигуранты Арман Әбілтаевпен түсірілген суретке қатысты пікір білдірді. Әбілтаев 2015 жылы 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Брифинг кезінде журналистер әкімнен танымал істің фигурантымен қашан және қандай жағдайда суретке түскені туралы сұрады.
Берік Уәли жауап ретінде бұл сурет туралы алғаш рет БАҚ-та жарияланғаннан кейін ғана білгенін айтты.
"Мен бұл сурет туралы тек ол БАҚ-та шыққан кезде ғана білдім, сол уақытта ғана бұл адамның істің қатысушысы екенін білдім. Бұрын оны білмейтінмін. Сол кезде біз құрылысшылармен кездестік, олардың ішінде бұл адам да болды. Біз әрқайсымен жеке-жеке суретке түстік, ал кейін ол оны Instagram-да және басқа жерде жариялап, БАҚ-та шықты. Шынын айтсам, оның өткенін білмейтінмін және сол жерде ғана таныстым. Оның жеке өміріне қатысты ештеңе білмедім, бұған дейін кездескен емеспін. Оның ісі туралы мен сіздер, журналистер арқылы білдім. Сондықтан мұнда ешқандай сенсация жоқ. Мен барлығын ашық айтып отырмын", - деді әкім.
Берік Уәли сурет тамыз айында жарияланғанын атап өтті. Ол Әбілтаевтың кездесуге басқа құрылысшылар мен олардың серіктестерімен бірге келгенін айтты.
Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловты соққыға жығу оқиғасы 2015 жылдың сәуірінде болған. Жас жігіттің әкесі ұлының денесінде жарақат іздері бар суреттерді әлеуметтік желіде жариялап, оны қаладағы белгілі кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің соққыға жыққанын хабарлаған. Кейін кәсіпкер ұсталып, екі айға қамауға алынды.
"Әліби ісінде" бірнеше адам сот алдында жауапқа тартылып, жазаланған. Солардың бірі Арман Әбілтаев.