Ғалым Доскен дүниеден өтті
Қаралы хабарды жазушы, журналист Болат Мүрсәлім жеткізді.
Белгілі филолог, әдебиет сыншысы, режиссер және сценарист Ғалым Доскен дүниеден өтті. Қаралы хабарды жазушы, журналист Болат Мүрсәлім жеткізді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
«Қашан көрсең де жайдары, әңгімеге келгенде арғы мен бергіні, Батыс пен Шығысты тоғыстырып отыратын, қазақтың әні мен күйін түгендеп, ұлттық құндылықтардың жоқшысы болған Ғалым ағамыз о дүниелік болыпты. Қабағы қатулы көрінгенімен, жаны баладай нәзік, достарына адал, айналасына қамқор жан еді», – деп жазды Болат Мүрсәлім.
Ғалым Доскен 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған.
Өмірінің әр кезеңінде ел мәдениеті мен журналистикасының дамуына зор үлес қосты.
2001–2002 жылдары «Қазақстанның республикалық теле және радио корпорациясы» басқарма төрағасының бірінші орынбасары,
2002–2006 жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы,
2007 жылдан бастап «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.
Ол «Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» сияқты фильмдердің, сондай-ақ «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының авторы. Сонымен қатар «Жезтырнақ» балетінің либреттосын және бірқатар көркем аудармаларды жазған.