Қоғам

Сүлейменова "Мақсатты мектеп" жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді

Министр қоғаммен ашық диалог орнату бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған республикалық кеңесте «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Жиынға өңірлік және аудандық білім басқармалары мен бөлімдердің басшылары, сондай-ақ аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаменттерінің өкілдері қатысты.

Министр елімізде балалар үшін қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Оның ішінде мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, білім мазмұнын жетілдіру және ұстаздардың мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылуда.

Министр «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылғанын айтып, оның орнына білім беру ұйымдарының сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер енгізілетінін жеткізді. Сондай-ақ кей өңірлерде педагогикалық ұжымдар арасындағы дау-дамай мен мектеп басшылығына кадр тағайындаудағы кідірістерді сынға алды.

Жұлдыз Сүлейменова шалғай ауылдарға білікті кадр тарту мәселесін жергілікті билікпен бірлесіп шешуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Жұлдыз Сүлейменова білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мектептердегі психологиялық қызметтің жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.

Кеңес қорытындысында министр өңірлердегі білім басқармаларына білім сапасын арттыру, педагогтердің құқықтарын қорғау, мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейту және қоғаммен ашық диалог орнату бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.