Қазақстан мен АҚШ президенттері Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті
"Бұл – бүкіл әлемде бейбітшілік пен өркендеуді ілгерілетуде үлкен жетістік".
Ақ үйде өткен келіссөз барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Әңгімелесу кезінде Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылу шешімі талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Дональд Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатудағы батыл бастамаларына жоғары баға берді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы аймақтағы қақтығыстарды еңсеруге, диалог пен өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанның бұл шешімін жоғары бағалап, әлемдік ынтымақтастық жолындағы маңызды бастама деп атады.
– Бұл – бүкіл әлемде бейбітшілік пен өркендеуді ілгерілетуде үлкен жетістік. Көптеген елдер дәл осы жолды таңдап отыр, – деді Трамп.