"Оның өкпесіне қабыну түсті": Бағым Мұхитденова жолдасының неден қайтыс болғанын айтты
- авторОймақ
- Бүгін, 16:25
- 15
Белгілі әнші әрі продюсер Бағым Мұхитденованың жолдасы Әділжан Юсуповтың неден қайтыс болғаны белгілі болды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Өнер иесі бұл туралы тележүргізуші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтып берді.
Әділжан Юсупов өкпе қабынуының салдарынан өмірден өтті. Оның денсаулығы коронавируспен ауырғаннан кейін күрт нашарлап, сол сырқаты асқынып кеткен.
“Оның өкпесіне қабыну түсті. Оның денсаулығы 2020 жылы коронавируспен ауырғаннан кейін нашарлай бастады. Негізі коронавируспен екеуміз де ауырдық, үйде жатып емделдік. Маған бәрі жақсы болып көрінген, бірақ бір күні ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтты. Мен бірден ауруханаға жатып, дәрігерлердің бақылауында болуды ұсындым. Ол Жаңа жыл қарсаңы еді. Мені 31 желтоқсанда үйге жіберді, ал оны реанимацияға ауыстырды. Ол онда 40 күн жатты. Ауру оның өкпесіне қатты әсер етті, кейін қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы және басқа да сырқаттар пайда болды. Қысқасы, ковид оның денсаулығына өте қатты әсер етті”, – деді өнер иесі.
Бағым Мұхитденованың айтуынша, жолдасы әрдайым мықты, ауру дегенді білмейтін, ауырып тұрса да мән бермей, жүре беретін адам болған. Продюсер марқұм күйеуінің сырқаты қаншалық ауыр екенін білгендіктен, үнемі қорқынышпен жүрдім дейді.
“Мен күн сайын “Құдай үшін дәрі ішші, ұмытпашы, әйтпесе қан қысымың көтеріліп кетеді” деп ескертіп жүретінмін. Кейде “Өзіңді күтпейсің, мені жесір қалдырғың келе ме? Ұлымызды жалғыз өзім үйлендіргенімді қалайсың ба?” деп айтатынмын. Осындай ой мені үнемі мазалайтын”, – дейді ол.
Әділжан Юсупов коронавируспен ауырғаннан кейін бірнеше жыл бойы қалыпты өмір сүрген. Алайда 2025 жылғы Жаңа жыл қарсаңында ауруы қайта қозып, 2 қаңтар күні ауруханаға түседі. Өнер иесінің жары сол ауыр күндерді тебірене еске алды.
“Жаңа жыл алдында екеуміз тағы да ауырып қалдық. Мен оны жай ғана тұмау шығар деп ойлап, антибиотик ішсе, жазылып кетеді деп сендім. Бірақ оның жағдайы күн сайын нашарлай берді. Мен “Бүгін 31 желтоқсан, ауруханалар әлі жұмыс істеп тұр, дәрігерге көрінші” деп жалындым. Бірақ ол мерекеден кейін баратынын айтты. Ақыры 2 қаңтарда жағдайы тым ауырлап кеткен соң жедел жәрдем шақырдық, оны ауруханаға жатқызды. Ертеңінде маған хабарласып, "жағдайы өте ауыр, желдеткіш аппаратқа қосылады" деді. Бұл сөздер маған үкім сияқты естілді. Оны 3 қаңтарға қараған түні өкпені жасанды желдету аппаратына қосты, өйткені өкпесі өздігінен жұмыс істемеді. Бірақ ИВЛ-ге қосылғанның өзінде тынысы дұрысталмады, сатурация төмен болды. Дәрігерлер ЭКМО аппаратына қосуды ұсынды. Соның арқасында ол тағы 33 күн өмір сүрді, бірақ сол уақыттың көбінде ес-түссіз жатты”, – деді ол.
Продюсер күйеуінің қайтыс боларынан бірер күн бұрын іштей бір жамандықты сезгенін жасырмады. Оның сөзінше, жүрегі бір жайсыздықты алдын ала сезгенімен, соған сенгісі келмей, өз-өзін жұбатып жүрген.
“Ол көз жұмған күні үйге әпкем келді. Мен ұйықтап жатқан едім. Оянсам, төсегімнің жанында жылап тұр. Не болғанын түсінбей, аң-таңмын. "Күйеуіне бір жағдай болды ма?" деп ойладым. Шындықты сезсем де, сенгім келмеді. Бір сәттен кейін бәрін ұқтым... Дүние төңкеріліп кеткендей күйде қалдым. Сенгім келмеді, қабылдай алмадым. Алғашқы күндер өте ауыр өтті. Мен 33 күн бойы үмітпен өмір сүрдім, бәрі жақсы болады деп сендім. Ал ол кеткен соң – бәрі бекер екенін түсіндім”, – деді әнші.
Әділжан Юсупов – отандық музыка индустриясында өз орнын қалдырған танымал продюсер. Ол дарынды әнші, продюсер Бағым Мұхитденованың күйеуі. Ерлі-зайыптылар 1997 жылы танысып, 2001 жылы отбасын құрған. Бүгінде бір ұлы бар.
Әділжан Юсупов қазақстандық шоу-бизнестегі түрлі өнер қайраткерлерімен бірге жұмыс істеген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





